
Туризм және спорт министрлігінде Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов отандық тревел-блогер, Sayahat Time YouTube жобасының авторы Ернар Алмабекпен кездесті.
Кездесу барысында Ернар Алмабекке еліміздегі ішкі туризмді дамытуға, өңірлердің туристік әлеуетін кеңінен танытуға және Қазақстанның оң туристік имиджін цифрлық кеңістікте ілгерілетуге қосқан үлесі үшін Министрлік атынан «Туризм саласының үздігі» ведомстволық наградасы табысталды.
Ернар Алмабек өз контентінде Қазақстанның табиғи көрікті жерлерін, тарихи-мәдени нысандарын және туристік бағыттарын насихаттап, қазақстандықтарды ел ішінде саяхаттауға ынталандырып келеді. Оның жобалары өңірлердің туристік мүмкіндіктерін танытуға және ішкі туризмге деген қызығушылықты арттыруға ықпал етуде.
Айта кету керек, биыл мамыр айында Туризм және спорт министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі арасында экотуризмді дамыту және дәріптеу жөніндегі меморандумға қол қойылды. Құжат аясында туристік контент әзірлейтін блогерлер мен дрон операторлары үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кірудің жеңілдетілген тәртібі енгізілді.
Сонымен қатар Туризм және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» ҰК АҚ алдағы уақытта тревел-блогерлермен және цифрлық креаторлармен ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытуды жоспарлап отыр. Бұл жұмыс Қазақстанның туристік әлеуетін кеңінен танытуға, ішкі және халықаралық аудиторияны ұлғайтуға, сондай-ақ еліміздің жаһандық цифрлық медиакеңістіктегі танымалдылығын арттыруға бағытталған.
Цифрлық креаторлармен серіктестікті дамыту – туризм саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Оның басты мақсаты – Қазақстанды ішкі және келу туризмі үшін тартымды әрі бәсекеге қабілетті туристік бағыт ретінде халықаралық деңгейде тиімді ілгерілету.