Tary Fest – 2026: Ақтөбеде ұлттық тағамдар мен этномәдениетті ұлықтайтын ауқымды фестиваль өтеді

Tary Fest – 2026: Ақтөбеде ұлттық тағамдар мен этномәдениетті ұлықтайтын ауқымды фестиваль өтеді

30 мамырда Ақтөбе қаласындағы «Астана» саябағында ұлттық тағамдарды дәріптеуге және өңірдің туристік әлеуетін танытуға бағытталған Tary Fest – 2026 ауқымды гастрономиялық фестивалі өтеді.

Іс-шара Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылғы зәкірлік туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген. Фестиваль оқиғалы және гастрономиялық туризмді дамытуға, сондай-ақ еліміздің мәдени келбетін нығайтуға бағытталған.

Фестивальдің басты мақсаты – Ақтөбе тарысын өңірдің бірегей гастрономиялық бренді ретінде таныту, ұлттық дәстүрлерді насихаттау және этнотуризмді дамыту.

Фестиваль қонақтарына Ұлы даланың рухын сезіндіретін мазмұнды бағдарлама ұсынылады. Іс-шара аясында тарыдан дайындалған тағамдар көрмесі, ұлттық ас мәзірі, концерттік бағдарлама, этноауыл үлгісіндегі кеңістіктер, тақырыптық фотоаймақтар мен ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылады.

Сонымен қатар қатысушылар «Серпін» фольклорлық ансамблінің өнерін тамашалап, ұлттық киімдер дефилесін, «Бұрымды қыздар» көрсетілімін, ерлердің этностильдегі сән көрсетілімін және «Ашық аспан астындағы ұлттық көрме» алаңын көре алады.

Фестиваль қазақ халқының бай мәдени мұрасын, ұлттық тағам дәстүрін және Ақтөбе өңірінің өзіндік болмысын кеңінен танытатын маңызды мәдени алаңға айналмақ.