Қазақстандағы экотуризм: бағыттарды, ұлттық парктерді және қонақ үйлерді дамыту

Қазақстандағы экотуризм: бағыттарды, ұлттық парктерді және қонақ үйлерді дамыту

Кейінгі жылдары елімізде экотуризм саласы қарқынды дамып келеді. Бұл бағытты одан әрі дамытуға, экологияны сақтауға және жергілікті халықты қолдауға ерекше назар аударылуда. Туристер арасында Іле-Алатау ұлттық табиғи паркі, Шарын шатқалы, Алтын-Емел ұлттық паркі және Көлсай көлдері аса танымал.

Мемлекет басшысының ішкі туризмді дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, Туризм және спорт министрлігі жаңа экотуристік бағыттарды қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта табиғи аймақтарда шамамен 750 шақырым туристік соқпақ абаттандырылды. Алдағы жылдары маусымдық ерекшеліктерді, басым бағыттарды және көлік қатынасының қолжетімділігін ескере отырып, тағы 350 шақырым бағытты дамыту жоспарланып отыр. Биыл тоғыз негізгі туристік соқпақ ашу көзделген.

Елімізде ұлттық парктердің заманауи инфрақұрылымы да дамып келеді: 15 визит-орталық пен глэмпинг ашылып, туристердің өздігінен демалуына жағдай жасалған. Визит-орталықтар мына өңірлерде орналасқан:

Алматы: Ayusai, Medeu, Gorelnik

Ақмола облысы: Бурабай, Зеренді, Қорғалжын

Алматы облысы: Түргенсай, Батан, Шарын

Атырау облысы: Сарайшық

Шығыс Қазақстан облысы: Өскемен, Катонқарағай

Жетісу облысы: Алтын-Емел, Тополевка

Маңғыстау облысы: Сартас

2021 жылдан бері Kazakh Tourism ұлттық компаниясы ауылдық елді мекен тұрғындарына қонақ үйлер ашу және жүргізу бойынша екі күндік оқыту тренингтерін өткізіп келеді. Қатысушылар туристік бизнесті ұйымдастыру, қызмет көрсету стандарттары, қызметтерді ілгерілету және мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде практикалық нұсқаулықтар алады. Қазіргі уақытқа дейін бұл тренингтерге елдің 10 өңіріндегі 24 елді мекеннен 496 адам қатысқан.

Экотуризмнің табысты дамуының ерекше мысалы — Алматы облысындағы Саты ауылы. Мұнда 90 қонақ үй және 30 шағын қонақ үй жұмыс істейді, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Жергілікті тұрғындардың басым бөлігі туризм бизнесіне тартылған. Ауыл халқының саны да өскен: 2010 жылы 1381 адам болса, 2020 жылы 1624 адамға жеткен. Саты ауылы жетекші туристік бағыт ретінде танылған:

2020 жылы — Lonely Planet нұсқасы бойынша,

2021 жылы — World Rural Tourism Oscar сыйлығының лауреаты,

2023 жылы — UNWTO ұсынған Best Tourism Villages by UNWTO 2023 марапатына ие болды.

2026 жылдың сәуір айында Астана қаласында Regional Ecological Summit 2026 (RES 2026) өңірлік экологиялық саммиті өтеді. Саммиттің мақсаты — Орталық Азия елдері мен басқа мемлекеттерді климаттың өзгеруі, су ресурстарының азаюы және табиғи ресурстарды тұрақты басқару сияқты өзекті экологиялық мәселелерді шешу. Іс-шараға мемлекеттерден, халықаралық ұйымдардан, бизнес және ғылым өкілдерінен 1500 делегат қатысады деп жоспарланған.

RES 2026 саммитін Біріккен Ұлттар Ұйымымен серіктестікте өткізу бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78‑сессиясы барысында ұсынған болатын.

Қосымша ақпараттыhttps://res2026.kz/ сайтынан алуға болады.