Цифрлы экосоқпақтар – туризмнің жаңа стандарты: EcoPlaton жобасы таныстырылды

Цифрлы экосоқпақтар – туризмнің жаңа стандарты: EcoPlaton жобасы таныстырылды

Қарағанды облысында Мемлекет басшысының 2026 жылды Цифрландыру жылы деп жариялау жөніндегі тапсырмасына сәйкес туризм және экологиялық ағарту салаларына заманауи цифрлы шешімдерді енгізу мәселесі талқыланды.

ZOOM платформасында өткен бейнеконференция барысында «Геймификация элементтері бар экосоқпақтарға арналған цифрлы аудиогид жүйесі» тақырыбы қарастырылды. Жобаны Орталық Азияның тұрақты даму жөніндегі Creative & Innovation Institute қоғамдық қорының директоры Ирина Харитонова таныстырды.

2025 жылы аталған қор Ақмола облысындағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында EcoPlaton пилоттық жобасын іске қосты. Бұл — көптілді цифрлы аудиогидтер платформасы мен геймификацияланған экосоқпақтарды біріктіретін инновациялық жоба. Аталған жоба туристік тартымдылықты арттыруға, келушілердің қызығушылығы мен белсенділігін күшейтуге, сондай-ақ экологиялық мәдениетті дамытуға ықпал ететінін көрсетті.

Талқылау қорытындысы бойынша өңірдің табиғи әлеуетін ескере отырып, EcoPlaton шешімдерін Қарағанды облысының туристік бағыттарында пилоттық режимде енгізу және кейіннен кеңінен тарату мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Сонымен қатар 2026 жылы тұрақты және отбасылық туризмді дамыту бағытындағы ынтымақтастық тетіктерін айқындау мәселесі көтерілді.