
Солтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бастамасымен Жұмысшы мамандықтар жылы аясында М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың «Туризм» мамандығы студенттеріне «Самовар» қонақ үйіне экскурсия ұйымдастырылды. Іс-шара студенттердің тәжірибелік дағдыларын кеңейтуге және меймандостық саласындағы кәсіпорындардың жұмысымен танысуға бағытталды.
Экскурсия барысында студенттер қонақ үйдің жұмыс үдерісін, қабылдау және орналастыру қызметінің, шаруашылық бөлімінің міндеттерін, сондай-ақ қызметтік стандарттарды сақтау мен нысанды басқару ерекшеліктерін зерделеді. Қатысушылар мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, болашақ кәсібінің тәжірибелік қыр-сырымен танысты.
Бұл бастама білім беру ұйымдары мен туризм индустриясы арасындағы өзара байланысты нығайтуға, сондай-ақ өңірдің ішкі туризмін дамыту үшін мамандар даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді.