
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенттері Түркістан қаласындағы Hampton by Hilton Turkistan қонақ үйіне танымдық экскурсия жасады.
Іс-шараға «Туризм және қонақжайлылық индустриясын ұйымдастыру» мен «Халықаралық және ішкі туризм» мамандықтары бойынша білім алатын 50-ге жуық студент қатысты. Студенттер қонақ үй қызмет көрсету үдерісімен, сапа стандарттарымен және меймандостық мәдениетімен танысты.
Экскурсия барысында студенттер теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, болашақ мамандықтарына дайындықтың маңызын түсінді. Мұндай кездесулер жастардың өз саласына деген қызығушылығын арттырып, саланың нақты жұмыс барысын көруге мүмкіндік береді.
Халықаралық туризм және меймандостық университетінде дуалды оқыту жүйесі кеңінен енгізілген. Қазіргі таңда 850-ден астам студент жетекші қонақ үйлерде, мейрамханалар мен туристік ұйымдарда өндірістік тәжірибеден өтуде. Дуальды білім беру форматы студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіріп, еңбек нарығында сұранысқа ие білікті маман болып қалыптасуына ықпал етеді.
Осындай іс-шаралар туризм және меймандостық саласында кадр даярлау сапасын арттыруға, студенттердің кәсіби бағдарын нығайтуға зор мүмкіндік береді. Аталмыш тәжірибе алдағы уақытта өзге өңірлердегі жоғары оқу орындарында туризм мамандығы бойынша білім алатын студенттер арасында да ұйымдастырылмақ.