Шетелден Қазақстанға авиарейстермен келетін адамдарға қатысты шектеу шараларын өзгерту туралы

Шетелден Қазақстанға авиарейстермен келетін адамдарға қатысты шектеу шараларын өзгерту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 2 қазандағы № 54 қаулысына сәйкес Қазақстанның туроператорларына Қазақстанға шетелден келетін адамдарға қойылатын талаптардың өзгергені туралы хабарлайды.

Осылайша, шетелден Қазақстанға авиарейстермен келетін адамдарға қатысты шектеу шаралары былайша өзгертілді:

  1. Шетелден Қазақстанға авиарейстермен келген барлық адамдар (ҚР үкіметтік делегацияларын; ҚР СІМ шақыруы бойынша келетін шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың ресми делегацияларының мүшелерін; ҚР-да аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің және халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің қызметкерлерін және олардың отбасы мүшелерін; ҚР аумағы арқылы транзитпен өтетін жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыратын тұлғаларды қоспағанда) термометриядан, сауалнамадан өтеді және ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен сәтте 3 тәуліктен ерте емес іріктелген ПТР әдісімен COVID-19-ға тестілеуден өткені туралы анықтаманы (бұдан әрі – Анықтама) ұсынады.

ҚР азаматтары емес адамдарға Анықтама болмаған жағдайда Қазақстанға кіруге рұқсат берілмейді.

  1. Дене қызуы норманың шегінде келген, Анықтаманы ұсынған адамдарға COVID-19 ықтимал белгілері туралы түсіндіру жүргізіледі, тиісті қолхат беріледі,  олар белгіленген жеріне қарай бағытын жалғастырады.
  2. Дене қызуы жоғары келген адамдар Анықтаманың болуына қарамастан COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін карантиндік стационарда 2 тәулікке дейін оқшаулауға жатады. COVID-19-ға зертханалық тексеру нәтижелерін алғаннан кейін оң нәтижесі бар адамдар инфекциялық стационарға ауыстырылады, COVID-19-ға теріс нәтижесі бар адамдар тиісті қолхат алады, COVID-19 ықтимал белгілері туралы түсіндіру жүргізіледі.
  3. Анықтама болмаған жағдайда елге келген ҚР азаматтары ПТР әдісімен COVID-19-ға зертханалық тексеру үшін карантиндік стационарға 2 тәулікке оқшаулануға жатады.

COVID-19-ға зертханалық тексеру нәтижелерін алғаннан кейін COVID-19-ға теріс нәтижесі бар келген адамдарға тиісті қолхат беріледі, COVID-19 ықтимал белгілері туралы түсіндіру жүргізіледі.

COVID-19-ға оң нәтижемен келген адамдар инфекциялық стационардың карантиндік изоляторына жатқызылады.

Қазақстанның туристік компаниялары өз қызметі барысында басшылыққа алуы және күтпеген жағдайларды болдырмау үшін сырттан келетін туристерге қойылатын жоғарыда көрсетілген талаптарды ескеруі қажет.