Түркістан облысында 300-ге жуық спортшы мен әуесқой жүгіруші қатысқан «Сайрам-су» марафоны өтті

Түркістан облысында 300-ге жуық спортшы мен әуесқой жүгіруші қатысқан «Сайрам-су» марафоны өтті

Түркістан облысының Төлеби ауданында облыстық туризм басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Сайрам-су» марафоны өтті. Іс-шара Сайрам-су өзенінің жағасынан басталды. Жарысқа облыс тұрғындарымен қатар еліміздің әр өңірінен келген 300-ге жуық спортшы мен әуесқой жүгіруші қатысты.

Марафонның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды спортқа баулу, патриоттық тәрбиені нығайту, сондай-ақ өңірдің туристік және табиғи әлеуетін таныту. Жарыс қорытындысы бойынша 36 жүлделі орын иегері анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаржылай сыйлықпен, дипломмен, медальмен және сертификаттармен марапатталды.

Марафон қашықтығы 6 000 және 12 000 метрді құрады. Қатысушыларға ыстық тағам, ауызсу және көлікпен сүйемелдеу ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қауіпсіздік талаптары толық сақталды.

Марафонның соңы концерттік қойылымдардан тұратын мәдени бағдарламаға ұласты. Облыстық туризм басқармасы алдағы уақытта бұқаралық спортты дамыту және Түркістан облысының туристік әлеуетін арттыру мақсатында осындай іс-шараларды өткізуді жалғастыруды жоспарлап отыр.