Болгария Республикасының София қаласында Қазақстан мен Болгария арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 5-отырысы өтті. Іс-шара аясында ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев Болгария Республикасының Туризм министрінің орынбасары Павлин Петровпен екіжақты кездесу өткізді. Жиынға туризм саласының өкілдері, соның ішінде туроператорлар мен салалық қауымдастықтар да қатысты.
Кездесу барысында тараптар туристік тәжірибе алмасуды жандандыру, бірлескен маршруттарды әзірлеу, ұлттық туристік өнімдерді дамыту және екі елдің салалық ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ тікелей әуе рейстерін ашу және халықаралық туристік көрмелерге қатысу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Келіссөздер барысында қазақстандық тарап елдің туристік әлеуетін таныстырып, туризм саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат берді. 2022 жылдан бастап Қазақстанда туристік инфрақұрылымды дамыту, логистиканы жақсарту және туристік ағынды ынталандыру бағыттарын қамтитын жеті бағытта кешенді қолдау тетігі жүзеге асырылып келеді.
«Қазақстан – Орталық Азиядағы болашағы зор туристік бағыттардың бірі ретінде өз орнын нығайтып келеді. 2024 жылы әртүрлі туристік мақсаттармен елімізге 15,3 миллион шетелдік қонақ келді, оның ішінде 10,4 млн адам 1 күннен астам уақыт өткізді. Болгариядан келген шетелдік қонақтар саны 2020 жылмен салыстырғанда 5,7 есеге артқан. Бұл көрсеткіштер екі ел арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге зор мүмкіндік бар екенін көрсетеді», – деді Нұртас Кәріпбаев.
Кездесу соңында тараптар бірлескен туристік өнімдерді әзірлеу мен кәсіби тәжірибе алмасу арқылы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ниетті екендіктерін жеткізді.