Меню
Страницы
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпарат
Қызметі
Комитет туралы
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Байланыс ақпарат
Басқарма туралы
Қызметі
Все материалы
Туризм
29 мая 2025
Қазақстан ТМД Кеңесінің отырысында туризм саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады

Ресей Федерациясының Сочи қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттердің Туризм жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев қатысты.

Отырыста туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің негізгі бағыттары қаралды. Атап айтқанда, ТМД аумағындағы туристік компаниялар арасындағы өзара ынтымақтастықты дамыту, келу және ішкі туризмді ілгерілету үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды.

Ержан Еркінбаев ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беретін үш негізгі бағытты атады. Олар: тау туризмін дамыту, цифрландыру және туризм саласындағы кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру.

«Бүгінде ТМД елдерінде туризмді өңірдің басым бағыттарының біріне айналдыруға қажетті барлық алғышарттар бар. Бізде табиғи және мәдени мұра, заманауи курорттар, кәсіби мамандар, ең бастысы – ортақ тарих пен өзара сенім бар. Бірлесе әрекет ете отырып, ТМД кеңістігін тартымды туристік бағытқа айналдыра аламыз», – деді Ержан Еркінбаев.

Отырысқа Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның туризм саласына жауапты ведомстволарының басшылары, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты. Жиын қорытындысы бойынша Хаттамаға қол қойылды.

Сонымен қатар іс-шара аясында Ержан Еркінбаев Ресей Федерациясының Экономикалық даму министрі Максим Решетниковпен және Армения Республикасының Экономика министрлігіне қарасты Туризм комитетінің басшысы Лусинэ Геворгянмен екіжақты кездесу өткізді. Келіссөздер барысында туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың алдағы қадамдары талқыланды.

29 мая 2025
Қазақстан ITB China 2025 аясында өткен маңызды талқылау сессияларына қатысты

Қытайдың Шанхай қаласында өтіп жатқан ITB China 2025 халықаралық туристік көрмесі аясында туризм саласын дамытуға арналған ауқымды конференциялық бағдарлама ұйымдастырылды. Жиында келу және шығу туризмі, қонақ үй бизнесі, іскерлік туризм (MICE), тақырыптық турлар, сондай-ақ цифрлық шешімдер мен технологияларды енгізу секілді туризмнің негізгі тақырыптары талқыланды.

27 мамырда ұлттық туристік әкімшіліктер, салалық қауымдастықтар мен жетекші туристік компаниялардың өкілдері қатысқан жабық форматтағы C-Talks дөңгелек үстелі өтті. Қазақстан атынан пікірталасқа Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басқарушы директоры Шырын Мусина қатысты.

Жиын барысында қатысушылар Қытайдың шығу туризмін дамытуға әсер ететін өзекті үрдістер мен құрылымдық өзгерістерді талқылады. Негізгі назар тұтынушылардың мінез-құлқындағы өзгерістерге, жастар мен егде жастағы туристердің қызығушылығының артуына, сондай-ақ цифрлық платформалар мен әлеуметтік желілердің туристік таңдаулар мен бағыттарды қалыптастырудағы ықпалына аударылды.

Сонымен қатар конференцияда цифрландыру тақырыбына баса назар аударылды. Туристік өнімді жекелендіру, иммерсивті (әсерлі) контент жасау және туристік ағынды тиімді басқару мақсатында XR технологиялары мен жасанды интеллектті қолдану әлеуеті қарастырылды. Саладағы жетекші технологиялық компаниялар ұсыныстарын ортаға салды.

Сол күні өткен тағы бір маңызды сессия – «Жаңа өнімдер + жаңа топтық үлгілер + жаңа DMC = топтық туризмдегі жаңа трендтер» тақырыбына арналды. Қытайлық туроператорлар мен шетелдік ұйым өкілдері топтық туризмнің қазіргі тенденцияларын, турларды дараландыру қажеттілігін және нарықтағы жаңа қатысушылардың рөлін талқылады.

Іс-шаралар аяқталған соң қатысушылар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бейресми әңгімелесу өткізді.

Туризм
28 мая 2025
Қытай мен Қазақстан арасында жаңа туристік бағыт ашылады

29 мамырда Сиань қаласынан «Сиань – Алматы» бағытындағы алғашқы туристік пойыз жолға шығады. Бұл бастама «Орталық Азия – Қытай» II саммиті аясында ұйымдастырылып отыр.

Пойыз Алматыға 31 мамырда жетеді деп жоспарланған. Қонақтар еліміздің оңтүстік астанасында 5 күн болады. Делегация құрамында 250-ден астам адам бар: мемлекеттік органдардың, бизнес, ғылым, мәдениет, медицина және спорт саласының өкілдері мен туристер. Делегацияны Сиань қаласы әкімінің орынбасары Сяо Ци бастап келеді.

Қонақтар үшін арнайы мәдени және іскерлік бағдарлама дайындалған:
– ресми қарсы алу рәсімі;
– «Шэньси – Алматы» апталығының ашылуы;
– жәрмеңкелер, симпозиумдар мен іскерлік кездесулер;
– Алматының көрікті жерлеріне экскурсиялар.

Туристік пойыздың кері бағыттағы сапары 5 маусымға жоспарланған.

Бұл жоба Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік даму және реформалар комитетінің бастамасымен, ҚР Туризм және спорт министрлігі, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы, Сыртқы істер министрлігі, Көлік министрлігі, Шекара қызметі, Ішкі істер министрлігі, Алматы қаласының Туризм басқармасы және отандық туроператорлардың қолдауымен жүзеге асырылуда.

Туризм
27 мая 2025
Қытайдан келген туристер легі 9 есе өсті: Қазақстан ITB China 2025 көрмесіне қатысып жатыр

✅Қазақстан Қытайдың туристік нарығындағы орнын нығайтып келеді. 27-29 мамыр күндері Қытайдың Шанхай қаласында өтіп жатқан ITB China 2025 халықаралық көрмесіне Қазақстан да қатысып жатыр. Онда еліміз 162 шаршы метрді қамтитын бірыңғай ұлттық стендпен отандық туризмді келушілерге таныстыруда. Көрме алаңында іскерлік кездесулер, таныстырылымдар мен туристік өнімдерді дамытуға арналған аймақтар қарастырылған.

✅Отандық делегация құрамында ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Kazakh Tourism ҰК АҚ, сондай-ақ Астана, Алматы, Ақмола, Маңғыстау және Алматы облысының туризм басқармаларының, қонақ үй бизнесінің және жетекші туристік компаниялардың өкілдері бар.

✅Көрменің ресми ашылу рәсіміне Messe Berlin GmbH компаниясының аға вице-президенті Давид Рютц, вице-президенті Давид Аксетис, Малайзияның Туризм, өнер және мәдениет министрі Дато Сри Тионг Кинг Синг, сондай-ақ Дүниежүзілік туристік альянс (World Tourism Alliance, WTA) ұйымының төраға орынбасары Пен Сюй қатысты. Құрметті қонақтар еліміздің стендімен танысып, дәстүрлі қазақ тағамдарынан дәм татып, еліміздің қонақжайлығы мен мәдени алуан түрлілігіне жоғары баға берді.

✅Ұлттық стендте Астана мен Алматы қалаларының туристік әлеуетіне, сондай-ақ өңірлік табиғи және мәдени бағыттарға ерекше назар аударылған. Келушілерге арнайы бейнематериалдар, қытай тіліндегі ақпараттық материалдар және іскерлік кездесулер ұсынылуда.

✅Қытай – Қазақстан үшін негізгі туристік нарықтардың бірі. ҚР ҰҚК Шекара қызметінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қытайдан келген туристер саны 650 мың адамнан асып, 2019 жылмен салыстырғанда 9 есе өскен. Тек 2024 жылы еліміздегі қонақүйлерде 173 987 қытайлық туристке қызмет көрсетілген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 66%-ға көп.

✅Туристер ағынының артуына екі ел арасында визасыз режимнің енгізілуі, әуе рейстерінің көбеюі және Қытай нарығына бағытталған ақпараттық жұмыстың жүйелі түрде жүргізілуі ықпал етті. Қазақстанның халықаралық көрмелерге белсенді қатысуы туристер санын арттыруға және елдің Қытай саяхатшылары арасындағы танымалдығын көтеруге зор мүмкіндік беріп отыр.

✅ITB China – Қытайдағы ең ірі B2B форматындағы туристік көрмелердің бірі. Биылғы көрмеге 80 елден 600-ден астам экспонент қатысуда. Іс-шараға 15 000-нан астам салалық маман, оның ішінде 1 000 байер мен 250 БАҚ өкілі қатысады деп күтілуде.

Туризм
27 мая 2025
Бизнес өкілдері үшін туризм саласында қандай мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған?

Туризм және спорт министрлігі туризм саласында кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік қолдаудың бірнеше түрін ұсынады. Бұл шаралар туристік өнімдердің сапасын арттыруға, сондай-ақ ішкі және келу туризмін дамытуға бағытталған.

Осы ретте мемлекеттік қолдау шаралары аясында кәсіпкерлер мен әлеуетті инвесторлар тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға тағы бір мәрте жауап бергенді жөн көрдік. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдаудың 7 түрі қолданылады.

Атап айтқанда:

1. Келу туризмін ынталандыруға арналған субсидиялар Келу туризмімен айналысатын отандық туроператорларға шетелдік туристерді тартқаны үшін әрбір адамға 15 000 теңге көлемінде субсидия төленеді. Бұл үшін шетелдік туристің елде кемінде 4 күн, 3 түн тоқтағаны және eQonaq жүйесінде тіркелгені растау қажет.

2. Балаларға арналған әуе билеттерін субсидиялау Ішкі туризмді дамыту аясында 18 жасқа дейінгі балалар ел ішінде тегін ұшады. Ол үшін ішкі туризм саласында қызмет көрсететін туроператордан тур сатып алу қажет. Мұндай жағдайда туристік өнім құрамына енгізілген әуе билеттерінің құны 100% субсидияланады.

3. Тау шаңғысы курорттары үшін жабдықтар мен техника сатып алу Кәсіпкерлерге аспалы жолдар, қар тазалау техникасы, жасанды қармен қамтамасыз етуге арналған жабдықтар сатып алғаны үшін мемлекет шығынның 25% өтеп береді.

4. Жол бойындағы сервис нысандарын салуға жұмсалған шығындарды өтеу Мотельдер, жанармай құю станциялары, тамақтану орындары, дәріханалар және өзге де қызмет көрсету нысандарын салуға жұмсалған шығындардың 10%-ы мемлекет есебінен өтеледі.

5. Санитарлық-гигиеналық тораптарды (СГТ) ұстауға арналған субсидия Туристік аймақтарда, автомобиль жолдарының бойында және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға ай сайын 83 300 теңге көлемінде субсидия төленеді.

6. Туристік объектілерді салу немесе жаңғырту шығындарын өтеу Туристік қызмет көрсету нысандарын және туристерге қажетті бағыттарда салынатын немесе қайта жаңғыртылатын объектілерді салу шығындарының 10%-ы субсидияланады.

7. Туристік автобустарды сатып алуға арналған өтемақы Сыйымдылығы 8 орыннан асатын (жүргізушіні қоспағанда) автобустарды сатып алу шығындарының 25%-ы өтеледі. Бұл ретте техника кемінде 5 жыл бойы тек туристік мақсатта пайдаланылуы тиіс.

Аталған қолдау шаралары ішкі туристер ағынын ұлғайтуға, кәсіпкерлерге туристік өнімдерді дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға және қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Туризм
23 мая 2025
Алматының таулы аудандарының инфрақұрылымын дамыту еліміз ішіндегі туристік ағынның артуына ықпал етеді

Қазақстандықтар демалып қана қоймай, өз жерінің сұлулығы мен бірегейлігін қайтадан көру үшін кең-байтақ туған өлкесіне саяхатты жиі таңдайды.

Турист Ариадна Гильманова Алматының тауларына ғана тән ерекше атмосфераны атап айтты.

«Біз өз елімізде саяхаттап, қуана білуіміз үшін, жерімізді бағалай алуымыз үшін ішкі туризмді дамытуымыз керек. Бұл да патриотизмнің бір бөлшегі»— дейді ол.

@KZgovernment

Туризм
23 мая 2025
Логистикалық артықшылықтары Алматыны туристік тұрғыдан тартымды етеді

Әуежайдың тауға жақындығы және жақсы дамыған логистика Алматыны табиғат әуесқойлары мен белсенді туризмді ұнататындар үшін ең қолжетімді бағыттардың біріне айналдырады. Әсіресе ең құндылығы – таудағы маршруттар мен табиғи қорықтарға оңай әрі жылдам жетуге болады, бұл еліміз ішінде саяхаттау мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді. Көлік инфрақұрылымы саяхатты ыңғайлы етеді және аймаққа жаңа туристердің келуін ынталандырады.

Қазақстанда туып-өскен Арман Байбосынов қазір Чехияда тұрады. Ол демалу үшін орын таңдауда және тіпті отбасылық мерекені өткізуде логистиканың ыңғайлылығы саяхатшы үшін маңызды фактор болатынын айтады.

«Қазір жастардың жаңа тренді, мысалы егер зумер және альфа ұрпақтар туралы айтатын болсақ, олар белсенді өмір салтын ұнатады, саяхаттау, тауға шығу, сондықтан біз де осындай белсенділікті таңдадық, мақсатымыз тауларды көру. Сонымен қатар Украинадан, Бішкектен достарымыз келді, біз оларға таулардың әдемі екенін көрсеткіміз келді. Туризмнің, спорттың дамуы үшін аталған салалардың әлемдік деңгейге шыға бастағаны жақсы. Мұнда келуге қолжетімділік бар және ұшып келуге де мүмкіндік жасалған. Логистика ыңғайлы, әуежай жақын: 30-40 минут ішінде сәл жоғары көтеріліп, тауға жетесіз. Яғни, логистика тұрғысынан өте керемет. Маған мұнда келген ұнайды. Қазір бізде үйлену тойы өтіп жатыр, мен салтанатты мерекені өткізу үшін Алматыны таңдадым, мұнда жиналу туыстарым үшін де ыңғайлы»,— дейді ол.

@KZgovernment

Туризм
23 мая 2025
Дамыған көлік инфрақұрылымы Алматыны әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер үшін жайлы әрі қолжетімді етеді

Шетелдік туристер Алматының орталығынан тауға жету өте оңай екеніне ерекше маңыз береді. АҚШ-тан келген Александр Вельможов таулы ландшафттардың сұлулығына ғана емес, сонымен қатар жақсы ұйымдастырылған логистикаға да таң қалғанын айтады. Тау жақтағы аудандармен ыңғайлы байланыс, ұйымдастырылған маршруттар, орындықтардың, кафелердің және басқа да қызметтердің болуы – мұның бәрі демалуға қолайлы жағдай жасайды және қала тұрғындары мен қонақтарына табиғатты бұрынғыдан да жақындата түседі.

«Мен Сиэтлден, Америкадан келдім, АҚШ-та тұрып жатқаныма 7 жыл болды. Алматыға бірінші рет келдім, бүгін үшінші күн.  Өте жақсы әсер алдым. Қаланың өзі де әдемі. Қала таудың етегінде орналасқан, оған жету де ыңғайлы. Мұнда өте жақсы инфрақұрылым жасалыпты. Туристер тауға тез жете алады. Барлық жерде жайғасатын орындар бар, осы жерде отырып дәмді тамақ жей аласыз»,— дейді ол.

Александрдың айтуынша, АҚШ-та таулы аймақтар қалалардан әлдеқайда қашық жерде және мегаполистердің табиғатқа дәл мұндай жақын орналасуы сирек кездеседі. Ол дәл осындай орындар адамның қайта оралуына себеп болатындай әсер қалдырады дейді.

«Алматыға, жалпы Қазақстанға туристер неғұрлым көбірек келсе, қала мен мемлекет үшін де соғұрлым жақсы болады. Адамдар келуге ұмтылады. Қазақстан туралы жақсы пікір қалыптастырады. Әрине. тауларда инфрақұрылым салу өте қиын болатынын түсінемін, бірақ бұл қаланың дамуы мен туризмі үшін өте маңызды»,— деп атап өтті шетелдік турист.

@KZgovernment

Туризм
23 мая 2025
Инфрақұрылымды дамыту өте маңызды – туристер Алматы тау кешенін дамыту туралы айтты

Алматы тауларындағы дамыған көлік және туристік инфрақұрылым аймақты белсенді демалыс үшін ең тартымды орындардың біріне айналдырады. «Медеу» спорт кешені, тау курорттары мен соқпақтары ерекше танымал және олар тек жергілікті жаяу жүргіншілердің ғана емес, сонымен қатар шетелдік азаматтардың да қызығушылығын арттыруда.

Турист Анна Филина мұндағы пейзаждар өзі үшін нағыз жаңалық болғанын айтады. Оның айтуынша, экологиялық және қолжетімді туризм үшін дамыған инфрақұрылымның болуы үлкен маңызға ие.

«Мен Мәскеуден келдім, бізде тау аз, сондықтан мен үшін бұл жаңа ландшафт сияқты. Біз тіпті мұнда кіре берістен-ақ бұл жерде керемет сұлулық бар екенін байқадық. Екі күн бұрын біз достарымызбен хайкингке бардық, ол жер де өте әдемі»,— деді ол әсерін бөлісіп. 

Турист Александр Бабич Алматыда алғаш рет 2000-шы жылдардың басында болыпты. Ол осы уақыт ішінде туристік инфрақұрылым айтарлықтай өзгергенін атап өтті.

«2003 жылдан бастап мен сіздердің тауларыңызға ғашық болдым, өйткені Владимир Семенович Высоцкий айтқандай, таулардың сұлулығын таулар ғана қайталай алады. 2003 жылдан айырмашылығы, мұнда жаяу жүру жолдары пайда болыпты, яғни оң өзгерістер бар. Бұл адамның денсаулығы үшін де, эмоцияңызды басқару үшін де пайдалы. Ал, сіз «Медеу» туралы білесіз бе, мұнда үнемі рекордтар жасалады, арнайы кристалдардан жасалатын мұз құрылымының ерекше түрі бар. Таңғажайып тау өзендері, ерекше құбылыстар, алайда оны көп адам біле бермейді»,— деді ол.

@KZgovernment

Туризм
23 мая 2025
Олжас Бектенов Алматы тау кластерін одан әрі дамыту тәсілдерімен танысты

Премьер-министр Олжас Бектенов Алматыға жұмыс сапары барысында Алматы тау кластері аумағын тікұшақпен аралап көрді. Сонымен қатар жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшылығы және отандық, халықаралық сарапшылар қоғамдастығы өкілдерінің қатысуымен саланы одан әрі дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.
    
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, тау шаңғысы индустриясының әлемдік жетекші компанияларының өкілдері: Horwath HTL (АҚШ) серіктесі Синиша Топалович, Stem International (Франция) бас директоры Винсент Тассар, PGI management (Андорра) президенті Жоан Виладомат  тау туризмін дамыту жоспарларын таныстырды.
      
Алматы тау кластерін кешенді дамыту мақсатында кешенді жоспар әзірленді, оған сәйкес Түргеннен Қаскелеңге дейінгі келешегі зор 3 басым аймақ – шығыс, орталық және батыс аймақтары айқындалды. Онда әлемдік деңгейдегі инфрақұрылым және халыққа қолжетімді 300-ден 700 шақырымға дейінгі тау шаңғысы трассаларын салу көзделген. Бір ғана орталық аймақта көтергіштер санын 16-дан 58-ге дейін көбейту жоспарланып отыр. Мұндай шаралар нәтижесінде өткізу қабілетін 5,6 есеге – тәулігіне 6 мың адамнан 34 мың адамға дейін арттырып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу күтілуде. Алматы тау кластері 2029 жылға қарай Орталық Азиядағы жыл бойы жұмыс істейтін ең ірі туристік жобаға айналады деп жоспарлануда.

Америкалық Horwath HTL компаниясының серіктесі Синиша Топалович жоспарды жүзеге асыру Алматыны жыл бойына жұмыс істейтін, әлемдегі жетекші курорттармен салыстыруға болатын тау туризмі бағытына айналдыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Стратегиялық мақсат – табиғат, бос уақыт, спорт пен мәдениетті біріктіретін Almaty Mountains Destination бірегей туристік брендін қалыптастыру. Басым бағыттардың бірі – көрнекті туристік объектілер құру, аспалы жолдар жүйесін, қонақ үй және спорт инфрақұрылымын дамыту.

Премьер-министр Шымбұлақ, Ой-Қарағай, Пионер, Қимасар және Бутаковка сияқты орталық аймақты дамыту жоспарларымен танысты. Француздық Stem International компаниясының бас директоры Винсент Тассар қысқы туризммен қатар жазғы инфрақұрылымды дамытуға – вело және жаяу жүргіншілер жолдарын қалыптастыруға, белсенді демалыс орындарын, глампинг, этно-қонақүйлер нысандарын салуға және экологиялық таза көлікті іске қосуға баса назар аударылғанын атап өтті. Орнықты даму стандарттарын, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды және қоршаған ортаның цифрлық мониторингін енгізу жоспарланып отыр.

PGI Management компаниясының президенті Жоан Виладомат жалпы ұзындығы 65 шақырымнан асатын трассалары бар Құмбел шыңы мен «Көк-Жайлау» шатқалын қамтитын тау шаңғысы курорты Almaty SuperSki тұжырымдамасын таныстырды.

Almaty SuperSki жобасының жетекшісі Томас Тор Йенсен барлық трассаның жартысына жуығы шаңғы тебуді бастаған жаңадан үйренушілерге арналатынын, бұл жаппай шаңғы мәдениетін қалыптастыруға жағдай жасайтынын атап өтті. Сонымен қатар құрылыстың экологиялық тазалығы мен инклюзивті инфрақұрылымды қалыптастыруға ерекше назар аударылуда.

«Тұрақты даму – біздің компанияның маңызды басымдықтарының бірі. Біз табиғат пен экологияны сақтаудың қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Сондықтан біз қазу жұмыстарын барынша азайтамыз, көтергіштер мен трассалар салу кезінде экожүйені бұзбай, табиғи ландшафтты сақтаймыз.

Біз тау шаңғысы курорты баршаға – балаларға, ересектер мен мүгедектігі бар жандарға қолжетімді болуы керек деп есептейміз. Барлық көтергіштер барлық санаттағы адамдар пайдалана алатындай етіп жасалады»,— деп атап өтті Томас Тор Йенсен.

Тұсаукесерден кейін Алматы тау кластерінің даму перспективалары бойынша пікір алмасу өтті. Сарапшылар қауымының атынан «Қазақстан Республикасының Ұлттық шаңғы қауымдастығы» ЗТБ бас хатшысы Асқар Уәлиев, «PANA ASIA» ЖШС байқау кеңесінің төрағасы Нұржан Ниязалиев, «ECO Network» негізін қалаушы, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің және ECOJER қауымдастығының мүшесі Евгений Мұхамеджанов сөз сөйледі.

Асқар Валеев жұмыс істеп тұрған тау шаңғысы курорттарының, атап айтқанда, Шымбұлаққа келушілер санының шамадан тыс артқанын атап өтті, бұл спортшылардың кәсіби дайындық мүмкіндіктерін шектейді. Халықаралық жарыстарды өткізу және жаттығулар үшін заманауи инфрақұрылым құру қажеттігі атап өтілді.

«Көк-Жайлау жобасы ерекше назар аударуға лайық. Ол экологиялық орнықты даму қағидаттарына, табиғи ресурстарды сауатты пайдалануға негізделген. Бүгінде бүкіл әлем осы бағытта жылжып келеді.

Соңғы талқылаудан кейін «Көк-Жайлау» жобасы тоқтатылды, бірақ соған қарамастан біз бүкіл әлемде, әсіресе, біздің өңірде үлкен дамудың жүріп жатқанын білеміз. Шешуші қадам жасайтын уақыт жетті. Шымбұлақ пен Ой-Қарағай тау курорттарын біріктірейік, олардың арасында орналасқан шағын демалыс орындарының барлығын дамытайық. Біз Алматы тау кластерін, оның ішінде «Көк-Жайлау» жобасын дамытамыз»,— деп атап өтті Асқар Валиев.

Нұрлан Ниязалиев туристер ағынының артуы экожүйені сақтауға, келушілердің жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ табиғи аумақтарға жүктемені біркелкі бөлуге мүмкіндік беретін заманауи және ойластырылған шешімдерді талап ететінін атап өтті.

Евгений Мұхамеджанов тау кластеріндегі жобаларды жүзеге асыру кезінде экологиялық аспектілерді ескеру қажеттігіне тоқталды. Барлық процестің ашықтығын, табиғатты қорғау нормаларының сақталуын және жұртшылықпен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету маңызды.

Жиынды қорытындылай келе, Премьер-министр Алматы тау кластерін дамыту бойынша ұсынылған тәсілдерді де оң атап өтті. Мемлекет құрылыс кезінде, сапа мен бақылауды қамтамасыз ету, оның ішінде экологиялық мәселелер бойынша жауапкершілікті өзіне алады. Инфрақұрылымның инклюзивтілігіне ерекше назар аударылды.

Бүгінгі таңда туризм және саяхат секторының әлемдік ЖІӨ-ге қосқан үлесі 10%-дан асады, ақшалай түрде бұл $11 трлн-нан жоғары. Сондай-ақ 300 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр, яғни, әрбір төртінші жаңа жұмыс орны – осы секторға тиесілі.

«Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізді жаңғырту, оның ішінде экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділіктен арылу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта жоғары деңгейде өңделген өнім өндіру бойынша көптеген өнеркәсіптік ірі жобалар, сондай-ақ ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Осыған орай, менің ойымша, туризм саласының қарқынды дамуы байқалады.

Қазақстан лайықты туристік бағыттардың біріне айналуға мүдделі. Оның үстіне бізде үлкен артықшылық бар – бұл біздің тауларымыз. Әлемдік сарапшылар Алматының таулары әлемдегі ең үздік таулардың бірі екенін атап өтті. Сондықтан таяу жылдары әлемдік деңгейдегі биік таулы демалыс орнын салу шараларын қолға алуды көздеп отырмыз.

Қазір жоспарлар таныстырылды. Кешенді жоспарда Алматы тау кластерін шығыстан батысқа қарай Талғардан бастап Қаскелеңге дейін дамыту көзделген. Жалпы, бұл таулардың әлеуеті бізге 700 шақырымға дейін шаңғы трассаларын салуға мүмкіндік береді.

Мемлекет инфрақұрылымды: көлік инфрақұрылымын, жолдар, коммуникациялар, тау шаңғысы инфрақұрылымын салу бойынша шығындарды өз мойнына алады. Сонда дайын инфрақұрылымға бизнес пен инвестиция міндетті түрде келеді. Мамандардың айтуынша, тау инфрақұрылымына салынған 1 доллар курорттық инфрақұрылымға 2 доллар жеке инвестиция тартады. Бұл – экономикамызды әртараптандыруға зор мүмкіндік. Аталған жоба Алматы қаласы мен Алматы облысының ғана емес, бүкіл еліміздің экономикалық ландшафтын түбегейлі өзгертеді.

Қазірдің өзінде құрылысты жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар істі инфрақұрылымы барынша дамыған Орталық аймақтан бастаған жөн дейді.

Орталық аймақ, өз кезегінде, қазір жұмыс істеп тұрған Oi-Qaragai демалыс аймағынан бастап, Пионер, Бутаковка, Қимасар шатқалы, Шымбұлақпен байланыстыруға мүмкіндік береді. Шымбұлақ дамудың екінші кезеңін бастайды. Біз бұл жұмысты мұздықтарға жақынырақ көтеріліп, батысқа қарай – Құмбел шыңы мен Көк Жайлау шатқалына дейін жеткіземіз. Бұл – өте ауқымды жоба болмақ»,— деді Олжас Бектенов.

Бүгінгі таңда туризм Алматының жалпы өңірлік өнімінің 3,9%-ын құрайды, 83 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. 2024 жылы қала 2,3 млн-нан астам туристі қабылдады, оның 680 мыңнан астамы – шетелдіктер. Туризм секторы экономикасында да тұрақты өсім байқалады: туристік қызмет көрсету көлемі 30%-ға, салық түсімдері екі есеге артты. Ауқымды жобаларды жүзеге асыру және заманауи инфрақұрылымды құру қала мен еліміздің өңірдегі жетекші туристік орталық ретіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді.

Алматы тау кластері жыл бойы жұмыс істейтін туризмнің алғашқы ірі жобасы болмақ. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында тау шаңғысы курорттарын одан әрі дамыту жоспарлануда.

Мұнда Медеу ЭКО паркі кешені тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба Алматының халық ең көп келетін көрікті жерлерінің бірін кешенді абаттандыруға бағытталған. Келушілер санының болжамды өсуін ескере отырып, отбасылық және белсенді демалыс үшін толыққанды инфрақұрылымы бар заманауи ландшафттық саябақ құру көзделген.

Сонымен қатар Олжас Бектеновке заманауи туризм инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған жобалар ұсынылды. «Горельник» келушілер орталығы іске қосылды және Jumbaq Jol жаяу жүргіншілер жолы ашылды. Өткізу қабілеті бар аспалы көпір салу жұмыстары жүргізілуде.
Көпірдің жүк көтеру қабілеті 20 тонна, жүргіншілер саны – тәулігіне 10 мың адам. Нысанды осы жылдың шілде айында аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірі бар оқушылардың спорт клубы, автобустармен тасымалдау кешені, ЕСО Resort және қонақ үйлер салынады.

«Алматы тау кластерінің орталық аймағы екі жетекші: Шымбұлақ және Oi-Qaragai курорттық аймақты қамтиды. Бұл екі курорт та жыл бойы жұмыс істейтін курорттар ретінде танылған. Жобаны іске асыру екі курортты аспалы жол, велосипед және жаяу жүргіншілер жолдары, сондай-ақ электр шаттлдары арқылы тікелей қосуға мүмкіндік береді. Бұл туристердің орташа болу ұзақтығы мен көбірек қаржы шығаруына ықпал ететін біртұтас туристік кеңістік жасайды. Жоба жыл бойына лайықталған. Одан бөлек, қыс мезгілінде болатын ұсыныс та барын атап өту маңызды. Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметі бойынша, ол үлкен экономикалық қайтарымдылығымен ерекшеленеді – бір адамға $334 және өткізу мүмкіндігін бүгінгі 6 мыңнан болашақта күніне 24 мыңға дейін арттыру көзделген»,— деп атап өтті «StemInternational» компаниясының бас директоры Тассар Винсант.

@KZgovernment

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы