
Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумы Омбы қаласында екіжақты байланыстарды одан әрі дамыту мәселелерін талқылайтын маңызды алаңға айналды. Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, сондай-ақ мемлекеттік органдардың басшылары, бизнес өкілдері және шекаралас өңірлердің басшылары қатысты.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов екі мемлекеттің басшылары алдында сөйлеген сөзінде Шығыс Қазақстан облысының әлеуетін таныстырды. Ол өңірдің бәсекелестік артықшылықтары, өнеркәсіптік, инвестициялық және туристік әлеуеті туралы айтып, алдағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын айқындады.
Өңір басшысы өндірістік кооперацияны кеңейту, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру, көлік-логистика байланыстарын дамыту, туризм, білім беру және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.
Сонымен қатар форум аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ресей өңірлерінің басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Солардың ішіндегі негізгі кездесулердің бірі Орынбор облысы губернаторының орынбасары – Орынбор облысы Үкіметі төрағасының экономикалық және инвестициялық саясат жөніндегі орынбасары, Орынбор облысының экономикалық даму, инвестициялар, туризм және сыртқы байланыстар министрі Антон Валерьевич Ефимовпен өтті. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және туристік ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша 2026 жылғы 24 шілдеде «Жаһандық логистикалық экожүйені қалыптастыру: Ресей–Қазақстан ынтымақтастығының жаңа көкжиектері» тақырыбындағы Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумы аясында Шығыс Қазақстан және Орынбор облыстары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат өзара тиімді әріптестікті дамытуға, өңіраралық байланыстарды нығайтуға және экономика, инвестициялар, туризм, логистика мен сыртқы экономикалық қызмет салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.
Форум барысында өзара іс-қимылдың берік негізі қалыптасқан және одан әрі дамуға елеулі мүмкіндіктері бар бағыттарға ерекше назар аударылды.
Шығыс Қазақстан облысының осындай жоғары деңгейдегі форумға қатысуы өңірдің әлеуетін кең аудиторияға таныстырумен қатар, іскерлік және гуманитарлық байланыстарды нығайтудың маңызды қадамы болды. Дәл осындай алаңдарда жаңа байланыстар, бірлескен бастамалар мен кейін нақты жобаларға негіз болатын келісімдер қалыптасады.
Өңіраралық ынтымақтастықты дамыту Қазақстан мен Ресей арасындағы тұрақты қарым-қатынасты нығайтудың негізгі факторларының бірі болып қала береді. Тұрақты диалог пен ашық тәжірибе алмасу қол жеткізілген нәтижелерді сақтауға, экономикалық өсуді ынталандыруға, инвестициялар тартуға және өзара тиімді әріптестікті кеңейтуге ықпал етеді.
Фотосуреттер Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметімен ұсынылды.