
Конференция барысында Шығыс Қазақстан облысының инвестициялық, өнеркәсіптік, көлік-логистикалық және туристік әлеуеті таныстырылды. Қатысушылардың назары Қазақстан, Қытай, Ресей және Моңғолияны байланыстыратын маңызды көлік-логистикалық торапқа айналып келе жатқан өңірдің стратегиялық орналасуына ерекше аударылды.
Іс-шараға қатысушыларға өңір инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижелері ұсынылды. Атап айтқанда, Бұқтырма су қоймасы арқылы Орталық Азиядағы ең ірі көпір пайдалануға берілді, 1,5 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары жаңғыртылды, Катонқарағай және Зайсан аудандарында жаңа әуежайлардың құрылысы жүргізілуде.
Конференция аясында іскерлік орта өкілдерімен, мемлекеттік органдармен және әлеуетті инвесторлармен кездесулер мен келіссөздер өтті. Шетелдік серіктестерге Шығыс Қазақстан облысының перспективалы инвестициялық жобалары таныстырылып, өнеркәсіп, туризм, логистика және шекара маңы ынтымақтастығы салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктері ұсынылды.
Өңірдің жоғары туристік әлеуеті де ерекше атап өтілді. Бірегей табиғи ландшафттар, бай тарихи-мәдени мұра және заманауи туристік инфрақұрылымның дамуы Шығыс Қазақстанға жыл сайын бір миллионға дейін турист қабылдауға мүмкіндік береді. Перспективалы бағыттардың бірі ретінде Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық туристік маршруттарды дамыту да белгіленді.
Сонымен қатар, 2026–2027 жылдары Шығыс Қазақстан облысы «Алтай – біздің ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру кеңесіне төрағалық ететіні атап өтілді. Бұл миссия Үлкен Алтай кеңістігіндегі өңірлер арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтуға, бірлескен бастамаларды іске асыруға және экономикалық, туристік әрі гуманитарлық салалардағы жаңа жобаларды ілгерілетуге қосымша мүмкіндіктер ашады.
«Үлкен Алтай – 2026» конференциясына қатысу халықаралық ынтымақтастықты нығайту және Шығыс Қазақстан облысын инвестициялар, бизнес және туризм үшін сенімді серіктес ретінде ілгерілету жолындағы маңызды қадам болды.
Фото Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметімен ұсынылған.