
Өскемен қаласында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің алаңында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің сапары аясында облыстың туристік сала өкілдерімен дөңгелек үстел өтті. Делегацияны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева басқарды.
Талқылауға сондай-ақ Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы, облыстық коалицияның жетекшісі Денис Рыпаков, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Лұқбек Тұмашинов пен Сергей Пономарев, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, сондай-ақ өңірдің туристік сала өкілдері қатысты.
Аида Балаева жаңа Конституция жобасы адамның өзі, оның құқықтары, қауіпсіздігі мен лайықты болашағы басты орын алатын сапалы жаңа даму моделін қалыптастыратынын, сондай-ақ мемлекеттілікті нығайту мен елдің экономикалық өсімін қамтамасыз ететін орнықты құқықтық және институционалдық негізді айқындайтынын атап өтті. Премьер-Министрдің орынбасары туристік сала үшін құқықтық ортаның болжамдылығы, инвестицияларды қорғау және табиғи әрі мәдени мұраға ұқыпты қарау қағидаттарының жаңа Конституция жобасында бекітілуі ерекше маңызға ие екенін ерекше атап өтті.
«Табиғатқа ұқыпты қарау қағидатын бекітудің маңызы ерекше. Туристік сала үшін бұл стратегиялық мәнге ие. Қоршаған ортаны қорғау – бұл тек экология мәселесі емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздік пен балаларымыздың болашағы мәселесі. Өйткені табиғат – жай ғана экономикалық ресурс емес. Ол – ұлттық болмысымыздың, тарихымыз бен мәдениетіміздің бір бөлігі. Оны сақтау – біздің парызымыз. Оны ұтымды дамыту – келесі ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Туристік сала үшін болжамды ережелер мен сенім ерекше маңызды. Инвестор мен кәсіпкер құқықтық ортаның ашықтығына, меншіктің қорғалуына және мемлекет шешімдерінің тұрақтылығына сенімді болуы тиіс», – деп атап өтті Аида Балаева.
Өз кезегінде Лұқбек Тұмашинов туризмнің тұрақты өсімі табиғи аумақтарды қорғай отырып, бизнеске инфрақұрылымға, сервиске және жаңа бағыттарға инвестиция салуға сенімділік беретін түсінікті құқықтық бағдарларсыз мүмкін емес екенін айтты.
«Туризм туралы сөз болғанда, әсіресе Шығыс Қазақстан сияқты бірегей өңірде, бастысы – табиғат қорғалуы тиіс, ал кәсіпкер ертеңгі күнге сенімді болуы қажет. Эко-соқпақтар, визит-орталықтар, сервис, жолдар, қауіпсіздік, ілгерілетудің цифрлық платформалары – мұның барлығы сенім мен болжамды ережелерге негізделеді. Егер Конституция табиғатқа ұқыпты қарау және “Заң мен тәртіп” қағидаттарын бекітсе, бұл саланың ұзақ мерзімді дамуы мен инвестициялары үшін берік негіз қалыптасатынын білдіреді», – деді депутат.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Сергей Пономарев ұсынылып отырған бір палаталы парламент – Құрылтай моделіне жан-жақты тоқталып, өзгерістердің мәні тиімділікті арттыру, артық бюрократияны азайту және сайланған депутаттардың жауапкершілігін күшейту екеніне назар аударды.
«Бір палаталы парламент – Құрылтай – неғұрлым жұмысқа қабілетті және жедел модельге көшу болып табылады. Екі палаталы жүйеде бір заң жобасы бірнеше оқылымнан және палаталар арасындағы келісуден өтеді, қайтарулар мен пысықтаулар болуы мүмкін – бұл үдерісті созып, артық әкімшілік циклдер туындатады. Бір палаталы жүйеде осы артық кезеңдердің көбі жойылып, кәсібилік пен нақты жауапкершілікке басымдық беріледі. “Құрылтай” атауы да тарихи дәстүрімізге сілтеме жасайды, онда маңызды шешімдер жоғары жиналыс деңгейінде қабылданған, ал бүгінде бұл мазмұн заманауи институционалдық сипатқа ие болуда», – деп атап өтті ол.
Кездесу қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының туристік сала өкілдері конституциялық реформаны қолдайтындарын білдіріп, алдағы референдумға азаматтардың қатысуының маңыздылығын – сенімге, инвестициялық климатқа және өңірлердің тұрақты дамуына әсер ететін тікелей ерік білдіру тетігі ретінде атап өтті.