
18 ақпанда Шығыс Қазақстан делегациясы Барнаул қаласына келді. Сапар өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Делегация Барнаул қаласындағы «Комплекс Агро» кәсіпорнына барды. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін ірі зауыттардың бірі болып табылады. Астықты сақтау және өңдеу саласындағы заманауи шешімдермен танысып, ынтымақтастық және тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Барнаул — Өскемен қаласының тарихи бауырлас қаласы. Екі өңірді ұзақ жылдар бойы қалыптасқан достық, экономикалық және гуманитарлық байланыстар біріктіреді. Қазіргі уақытта бұл ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуде. Сапар аясында Алтай өлкесінің басшылығымен іскерлік кездесулер өткізу, Шығыс Қазақстан облысының инвестициялық және өнеркәсіптік әлеуетін таныстыру, сондай-ақ туризм, білім беру, мәдениет және өнеркәсіп салаларындағы бірлескен жобаларды талқылау жоспарланған. Туристік бағыттарды дамыту мен білім беру ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылға ерекше көңіл бөлінеді. Аталған сапар іскерлік ынтымақтастыққа қосымша мүмкіндіктер жасап, әріптестік қатынастарды нығайтып, өңірлеріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беретініне сенімдіміз.