Депутаттық мандат

Депутаттық мандат

Әлеуметтік жауапкершілік – басты қағидат Халықтың денсаулығын сақтау және оны әлеуметтік қорғау, білім және мәдениет, жастар ісі, депутаттық өкілеттік және адам құқығы, заңдылық, қоғамдық ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 2022 жылы атқарған жұмысы туралы есебі

VII шақырылған аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының қызметі 2022 жылғы 9 ақпанда бірлескен отырыстан басталды, онда депутаттар бір жылға арналған жұмыс жоспарларын бекітті.

Нәтижесінде, осы жоспарға сәйкес және бірінші кезекте – жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамаға сәйкес жыл бойы тұрақты комиссия өз функциялары мен өкілеттіктерін жүзеге асырды.

Жеті отырыс барысында жеті жоспарлы мәселе қаралды, олардың үшеуі негізгі, төртеуі – бақылау барысындағы.

Комиссияның назарына бірінші болып «2030 жылға дейінгі гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру барысында нысаналы индикаторларды орындау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы» мәселе ұсынылды, бұл бойынша Тимирязев ауданы әкімінің орынбасары Ү.Қ. Нұртазина сөз сөйледі. Қорыта келе есеп назарға алынып, осы бағытқа жетекшілік ететін Тимирязев ауданы әкімдігінің ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне, мүдделі органдарға жоспарланғаннан төмен көрсеткіштері бар нысаналы индикаторлардың орындалуын қамтамасыз ету туралы ұсынымдар берілді.

Ауданның ауылдық округтеріндегі медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жай-күйі, кадрлармен қамтамасыз етілуі туралы мәселе бойынша Тимирязев аудандық ауруханасы директорының м. а. М.Б. Жұмағалиев мәлімет берді.

Талқылау барысында сұрақтар, пікірлер туындап, 2023 жылы мәселені қарауға қайта оралуға ұсыныстар жасалды.

Ауданның мәдениет және спорт объектілерінің жұмыс істеуінің проблемалық мәселелері бойынша орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Ш.Қ. Нұртазиннің өзі басқаратын мекеменің қызметі туралы ақпаратын тыңдаған тұрақты комиссия аудандағы кітапханалардың жұмысын мақұлдады.

Егер жоғарыда аталған мәселелер алғаш рет қаралған болса, қалған мәселелер өткен шақырылымнан бастап депутаттық корпустың бақылауында тұрған мәселелер.

Тимирязев ауданы әкімдігінің сәулет, құрылыс, ТКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы М.С. Байғожин тұрақты комиссия отырысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде салынған және сатып алынған тұрғын үйді қоса алғанда, коммуналдық тұрғын үй қорын басқару, оның сақталуы мен тиісті пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс туралы өзекті мәселе жайында мәлімдеді. Комиссия бұл мәселені бақылауда қалдыруды ұсынды.

«Бақытты балалық шақ» жазғы сауықтыру лагерін авариялық деп тану жөніндегі жұмыстың жай-күйі туралы мәселе де бүгінгі күні өзекті.

Объект балансында болған дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.В. Манукянның ақпараты бойынша, ол 1967 жылы салынған екен.

Лагерь аумағында 11 корпус орналасқан, олардың 8-і пайдалануға жарамсыз болып, 2019 жылы есептен шығарылған. Қалған үшеуі – асхана, екі тұрғын үй ғимараты – тоғыз жыл бұрын жөнделген. Бағалауға сәйкес объектінің қалдық құны 2 млн.160 мың теңгені құрайды. Оны жыл сайын ұстауға жұмсалатын шығындар 1 млн. 200 мың теңгеден асады.

Кәсіпкерлік бөлімімен лагерьді бәсекелестік ортаға беру бойынша жұмыс жүргізіліп, өткен жылы бұл нысан сатылды, бүгінгі күні бұл мәселе бақылаудан алынды.

Тимирязев ауданындағы санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету жөніндегі жай-күйі мен шаралары туралы есепті тұрақты комиссияның отырысында Тимирязев аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы А.М. Селеух ұсынды, жалпы аудан бойынша эпидемиологиялық жағдай қолайлы және комиссия мүшелері мәселені бақылаудан алып тастауды ұсынды.

2020 жылы аудандық мәслихаттың VI шақырылымының 47-сессиясында Солтүстік Қазақстан облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы А.А. Сұрағанова депутаттық корпусқа ауданның білім беру ұйымдарының тәуекел дәрежесін бағалау нәтижесінде анықталған бірқатар бұзушылықтар туралы баяндаған болатын.

Атап айтқанда, ол Тимирязев ауданының мектептеріндегі бірқатар проблемалық жайттарды атап өтті. Қалыптасқан мән-жайлар аталған мәселені мәслихаттың тұрақты комиссиясының жұмыс жоспарына енгізуге негіз болды. Нәтижесінде мектептерде анықталған бұзушылықтарды жою туралы білім бөлімінің басшысы А.Т. Күзеубаев баяндады. Ақпараттан барлық аталған проблемалардың жойылғандығын байқаған комиссия мәселені бақылаудан алып тастау туралы шешім қабылдады.

Жалпы, талқыланатын мәселелердің мазмұнына келер болсақ, тұрақты комиссиялар қаулыларының іске асырылу деңгейі депутаттардың аудан тұрғындарымен кездесулеріндегі үнемі айтылатын талаптарға, өтініштерге, мүдде-мақсаттарға сай келмей жатады.

Осыған байланысты істен бір нәтиже шықсын десек, басшылар өз ұйымдарында бақылау функцияларын күшейтсе екен.

Депутаттар тікелей қатысатын іс-шаралардың көпшілігі, сондай-ақ аудандық мәслихат қабылдаған ресми құжаттар облыстық, аудандық газеттердің беттерінде көрсетілген – бір жылда 90 материал жарияланған. Сонымен қатар, 163 жарияланым аудандық мәслихаттың, оның аппаратының ресми сайтында, сондай-ақ Facebook әлеуметтік желісіндегі «Тимирязев ауданы SQO» көпшілікке қолжетімді тобында орналастырылған.

Тұрақты комиссия депутаттық өкілеттік мәселелеріне де жетекшілік етеді. Осыған байланысты өз жұмысымызда азаматтарды жеке қабылдауды тұрақты жүргізу, жерлестерді мәслихат жұмысы және өзінің депутаттық қызметі туралы хабардар ету аса маңызды деп санаймыз. Сондықтан алдағы уақытта осы бағытты жетілдіруге, аудан тұрғындарымен байланысты нығайтуға тырысатын боламыз.

Н. Усенков, тұрақты комиссияның төрағасы