
М.А.Уәйісовтің төрағалығымен аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының кезекті бірлескен отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, білім беруді цифрландыру, су тасқыны және жылу беру маусымдарына дайындық, сондай-ақ жергілікті бюджеттердің атқарылуына қатысты бірқатар әлеуметтік маңызы бар мәселелерді қарады.
Ауылдық елді мекендерде қоғамдық тәртіпті күзету және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша учаскелік полиция инспекторларының қызметі туралы Тимирязев ауданы полиция бөлімі бастығының қызмет жөніндегі орынбасары Р.С.Бигужин баяндама жасады. Ол өз сөзінде жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға, халықпен өзара іс-қимылға және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
Осы мәселені талқылау барысында депутаттар құқық бұзушылықтың алдын алу, қолайсыз отбасыларды қолдау және өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету бөлігінде учаскелік полиция инспекторларының аудандық Отбасын қолдау орталығымен бірлескен жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі цифрландыруды дамыту және аудан мектептерінің оқу процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу болды. Аудандық білім бөлімінің басшысы А.А.Теміров баяндама жасап, Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын іске асыру шеңберінде мектептерді интернетпен қамтамасыз етуге ғана емес, сонымен қатар оқытуды дербестендіруге, білім беру процесінің сапасын арттыруға және педагогтарға түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге ерекше назар аударылып жатқанын атап өтті.
Талқылау барысында депутаттар мектептердің цифрлық инфрақұрылымын одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда, білім беру мекемелерін заманауи компьютерлік жабдықтармен, интерактивті техникамен және жоғары жылдамдықты интернетпен кезең-кезеңімен жарақтандыру, сондай-ақ жасанды интеллект элементтері бар цифрлық платформалар мен білім беру сервистерін енгізу қажеттігі атап өтілді.
Бұдан бөлек, депутаттар өткен жылдан бері аудандық мәслихаттың бақылауында болған бұған дейін қабылданған қаулылардың атқарылуын қарады.
Тимирязев ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Т.Қ. Құдайбергенов «Тимирязев ауданының аумағында су тасқынына қарсы іс-шараларға дайындық барысы туралы» тұрақты комиссиялардың 2025 жылғы 5 наурыздағы № 1/1 бірлескен отырысы қаулысының іске асырылу барысы туралы ақпарат берді, сондай-ақ сәулет, құрылыс, ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Е.И.Асылбековтің «Әлеуметтік нысандардың 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы туралы» 2025 жылғы 24 қыркүйектегі № 3/6қаулының іске асырылуы туралы ақпараты тыңдалды. Қарау қорытындысы бойынша екі мәселе де бақылаудан алынды.
Күн тәртібінің жеке блогы 2025 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті бюджеттердің атқарылуына арналды. Осы мәселелер бойынша ауданның ауылдық округ әкімдері есеп берді.
Отырыс жұмысына аудандық мәслихат төрағасы А.С. Асанова қатысты.