Алматыда цифрлық даму министрі бизнес өкілдерімен IMEI-верификация жүйесін талқылады

Алматыда цифрлық даму министрі бизнес өкілдерімен IMEI-верификация жүйесін талқылады

Алматы қаласында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі бизнес-қауымдастықпен кездесті. Жиында ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу тәртібіне енгізілген өзгерістер мен IMEI-кодтарды міндетті түрде сәйкестендіру жүйесін іске қосу мәселелері талқыланды.

Министр өз сөзінде көлеңкелі импортты азайтып, нарықта барлық тарап үшін тең жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті:

«Верификация — бұл шектеу емес, мүмкіндік. Бизнеске — заң аясында ашық жұмыс істеуге, тұтынушыға — құрылғының заңды әрі сапалы екеніне көз жеткізуге, мемлекетке — экономикалық мүддені қорғауға жол ашады», — деді министр.

IMEI-верификация жүйесінің енгізілуі мобильді құрылғылар нарығын құрылымды әрі тұрақты дамытуға жағдай жасайды. Бұл халықаралық брендтердің ресми өкілдіктері мен дүкендерін ашуға, кепілдік және сервис қызметтерін кеңейтуге, сондай-ақ бұған дейін құрылғылардың бейресми мәртебесіне байланысты қолжетімсіз болған функцияларға жол ашуға мүмкіндік береді.

2025 жылғы 25 наурыздан бастап күшіне енген жаңа талаптарға сәйкес, Қазақстанға алғаш рет әкелінетін барлық ұялы құрылғылар міндетті түрде верификациядан өтуі тиіс. Ал 25 мамырға дейін кәсіпкерлерге бейімделуге және бұрын әкелінген, бірақ сатып үлгермеген құрылғыларды тіркеуге мүмкіндік берілген. Осы кезең аяқталғаннан кейін заңдастырылмаған құрылғыларға ұялы байланыс қызметтері шектелетін болады.

Верификация процесі IMEI-кодтарды халықаралық база деректерімен автоматты түрде салыстыру арқылы жүзеге асады. Пайдаланушылар құрылғыны алдын ала онлайн-сервис арқылы тексере алады. Бұл жүйе заңсыз әкелінген және контрафакт өнімдерді анықтауға мүмкіндік береді.

Бизнес өкілдері бастаманы қолдап, оның нақты іске асуына мән беру және нарықты дер кезінде ақпараттандырудың маңызын атап өтті:

«Бизнес үшін өзгерістер нақты процестерге сай жүргізілуі маңызды. Диалогтың ашықтығын көріп отырмыз. Әсіресе техникалық түсіндірмелерді дер кезінде алу – қызметтерімізді жаңа ерелержелерге бейімдеп, клиенттерімізге уақтылы хабарлау үшін өте қажет», — деді импорттаушы компания өкілі.

Кездесуге байланыс операторлары, сауда желілері, жабдық жеткізушілері, телекоммуникация саласының сарапшылары және «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты.