
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті Жамбыл облысының әкімдігімен бірлесіп «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысын талқылады. Жиынға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Күпешов қатысты.
Кеңес барысында өңірдегі негізгі жобалардың қазіргі жай-күйі қаралды: «ақ дақтарды» жою, жоғары жылдамдықты интернетті дамыту, 4G мобильді байланысын кеңейту, абоненттерді мыс желілерінен оптикалық желілерге көшіру, сондай-ақ республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарды мобильді интернетпен қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым салу.
Жамбыл облысында 361 елді мекен бар, оның 353-і — ауылдық елді мекен. Бүгінгі таңда 279 ауылдық елді мекен 4G мобильді интернетімен, 189-ы — талшықты-оптикалық байланыс желілерімен, 12-сі — спутниктік байланыс арналарымен қамтамасыз етілген.
«Ақ дақтарды» жою жұмыстары аясында облыста байланысы нашар немесе мүлдем жоқ 78 локация анықталды. Қазіргі уақытта 61 «ақ дақ» жойылды, ал 17 локация бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетке қосу жалғасуда. Үкімет пен «Қазақтелеком» АҚ арасындағы инвестициялық келісім аясында Жамбыл облысының 171 ауылдық елді мекенін қосу көзделген. Бүгінгі таңда 13 елді мекен жоғары жылдамдықты интернетке қосылды. Тағы 93 ауылдық елді мекен «Соңғы миля» жобасына енгізілді.
Өңірде мобильді байланысты дамыту бағыты бойынша операторлардың лицензиялық міндеттемелері аясында халқының саны 250 адамнан асатын 268 ауылдық елді мекенді 4G желісімен қамтамасыз ету қарастырылған. Қазіргі таңда 86 ауылдық елді мекен 4G желісіне қосылған.
Сонымен қатар, облыста инфрақұрылымды дамыту және автомобиль жолдарын мобильді байланыспен қамту аймағын кеңейтуге қажетті 11 антенна-мачталық құрылысты салу координаттары белгіленді.
Кеңес қорытындысы бойынша әрбір бағыт бойынша түйткілді мәселелер қаралып, жобаларды уақтылы іске асыруды қамтамасыз ету бойынша алдағы қадамдар айқындалды.
Телекоммуникациялар комитеті «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы іс-шараларының орындалу барысына мониторинг жүргізу, туындаған мәселелерді жедел шешу және барлық мүдделі тараптардың жұмысын үйлестіру мақсатында өңірлермен тұрақты түрде кеңестер өткізіп тұрады.