ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде Direct to Cell технологиясы таныстырылды

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде Direct to Cell технологиясы таныстырылды

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде Direct to Cell технологиясы таныстырылды. Бұл технология кәдімгі ұялы телефонды ешқандай қосымша құрылғысыз-ақ, тікелей серіктік желіге қосуға мүмкіндік береді.

Таныстырылым барысында «КаР-Тел» ЖШС мамандары телефонды байланыс операторының қолданбасы арқылы серіктік желіге қосып көрсетті.

Мұндай технология жері кең, ал елді мекендері бір-бірінен алшақ орналасқан біздің ел үшін өте маңызды. Ол дәстүрлі инфрақұрылымды жүргізу уақыт алатын, бірақ байланыс дәл қазір қажет болып отырған аймақтарда таптырмас қосымша шешім болмақ.

Сондай-ақ Direct to Cell технологиясы әдеттегі желілерге шамадан тыс күш түскенде немесе байланыс үзілген төтенше жағдайларда үлкен септігін тигізеді.

Қазіргі уақытта министрлік мемлекеттік органдармен және нарық өкілдерімен бірлесе отырып, бұл технологияны Қазақстанда қолданысқа енгізудің техникалық және құқықтық шарттарын қарастыруда.