
Астанада Starlink ұсынған Direct to Cell технологиясының техникалық аспектілерін талқылауға арналған воркшоп өтті. Бұл технология жерүсті байланысы жоқ жерлерде SMS және жеңіл деректерді (light-data) тасымалдау үшін төмен орбиталы жерсеріктер тобын пайдалануға мүмкіндік береді. Осылайша, жерсеріктік байланыс пен жерүсті инфрақұрылымын біріктіру арқылы қолжетімділігі қиын және шалғай аудандарды қоса алғанда, 100% қамтуға қол жеткізуге болады. Қазақстан аумағында бұл технологияның провайдері ретінде Beeline Қазақстан компаниясы танылды.
Воркшоп барысында Starlink өкілдері аталмыш технологияның техникалық схемасын қатысушыларға таныстырды. Олардың қатарында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері болды. Бұдан бөлек, қатысушылар Direct to Cell технологиясының түрлі өмірлік жағдайлардағы мүмкіндіктерін нақты кейстер негізінде талқылады. Мысалы, Калифорниядағы ауқымды өрттер кезінде бұл технология шұғыл және арнайы қызметтер үшін хабарландыру және байланыс құралы ретінде қолданылған.
«Қазақстан - аумағы үлкен ел, сондықтан Министрліктің басты міндеті - халықты қолжетімді байланыспен толық қамтамасыз ету. Starlink ұсынған Direct to Cell сияқты жерсеріктік технологиялардың пайда болуы байланыс ауқымын кеңейтуге және оның тұрақтылығын арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Осыған байланысты барлық мүдделі тараптармен тығыз іс-қимыл жасай отырып, техникалық және қауіпсіздік мәселелерін қоса алғанда, технологиялық шешімдерді жүйелі әрі салмақты түрде пысықтау өте маңызды», — деді Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков.
«Қазақстанда Direct to Cell технологиясының пайда болуы — байланыс саласын дамытудың маңызды кезеңі. Қазақстаннің жер көлемі үлкен, бірақ халық тығыздығы біркелкі емес. «Жерсеріктер + жерүсті инфрақұрылымы» гибридті байланыс схемасы миллиардтаған тиімсіз шығындардың алдын алып, 100% қамту деңгейіне жетуге мүмкіндік береді. Осы маңызды әлеуметтік жобаны іске асыру – біз үшін үлкен мәртебе», — деді Beeline Қазақстан холдингінің президенті және СЕО-сы Евгений Настрадин.
Бұдан бұрын, 2026 жылғы 12 желтоқсанда ЖИЦДМ мен Beeline Starlink-тің Direct to Cell технологиясына алғашқы сынақ жүргізген болатын. Кәдімгі 4G смартфонын пайдалана отырып, тестілеу тобы жерсерік арқылы SMS алмасып, мессенджерде қоңырау шалды. Бұл күнделікті қолданыстағы құрылғылардың дәстүрлі байланыс желісі жетпеген жерде де байланыста бола алатынын дәлелдеді.