Цифрлық болашақтың платформасы ретіндегі телеком: Digital Bridge 2025 аясындағы панельдік сессия

Цифрлық болашақтың платформасы ретіндегі телеком: Digital Bridge 2025 аясындағы панельдік сессия

Digital Bridge 2025 халықаралық форумының шеңберінде «Цифрлық болашақтың платформасы ретіндегі телеком» атты панельдік сессия өтті. Соңғы жылдары Digital Almaty және Digital Bridge форумдарында телеком саласына арналған панельдік сессия өткізу дәстүрге айналды. Бұл сессияларда жетекші байланыс операторлары саланың негізгі мәселелері мен даму бағыттарын талқылайды.

Сессияны GSMA ұйымының стратегиялық өзара іс-қимыл жөніндегі директоры Таир Исмаилов жүргізді. Оған ЖИЦДМ Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков, «QazCode» ЖШС-нің (Beeline Казақстан құрамындағы IT-компания) бас директоры Алексей Шаравар, «Kcell» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жамбакин және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2/Altel) бас директоры Александр Бабичев қатысты.

Биылғы пікірталаста телекоммуникацияның Қазақстанның цифрлық трансформациясындағы рөліне ерекше назар аударылды. Соңғы жылдары еліміз интернет жылдамдығы бойынша әлемдік рейтингтерде жоғарылап, аймақ көшбасшыларының қатарына енді. 5G желісінің енгізілуі қалаларда байланыс сапасын арттырды, енді негізгі міндеттердің бірі – өңірлердегі қамтуды кеңейту және келесі кезең – 6G технологиясына дайындық болып отыр.

Сондай-ақ, төмен орбиталық спутниктік жүйелермен ынтымақтастық мәселесі қаралды. Мұндай шешім шалғай ауылдар мен дәстүрлі байланыс желілерін жүргізу тиімсіз елді мекендерге интернет жеткізуге мүмкіндік береді. Қатысушылар сонымен қатар цифрлық контент пен сервистерді тұтынудың артуы инфрақұрылымды үздіксіз жетілдіруді талап ететінін атап өтті.

«Телекоммуникациялар цифрлық болашақтың негізі. Интернет пен цифрлық сервистерді тұтынудың өсуі саладан тек инфрақұрылымды дамытуды ғана емес, сонымен бірге қоғам мен бизнеске қажетті жаңа шешімдерге арналған платформалар құруды да талап етеді», – деді Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков.

Панельдік сессияда сонымен қатар жасанды интеллекттің ұлттық инфрақұрылымын дамыту мәселесі талқыланды. Қазақстанда деректер орталықтары мен есептеу қуаттары іске қосылып, жасанды интеллектіні қолдануды реттейтін заңнамалық база әзірленіп жатыр. Бұл тәсіл бір жағынан пайдаланушылардың құқығын қорғауға, екінші жағынан инновацияларды қолдауға мүмкіндік береді.