Қазақстанда телекоммуникациялар нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға арналған заң жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті.

Қазақстанда телекоммуникациялар нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға арналған заң жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті.

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының қоғамдық тыңдауын өткізді.

Аталған құжат 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Президенттің «Әділетті Қазақстан» жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары аясында әзірленіп отыр. Заң жобасының мақсаты — қолданыстағы заңнаманы жаңғырту және елдің цифрлық инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін жағдай жасау.

Тыңдауға мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың, байланыс операторларының, сараптамалық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жобаны әзірлеушілер заң жобасының негізгі ережелерін таныстырды. Олардың ішінде: «Байланыс туралы» Заңның терминологиясын өзектендіру, eGov порталы мен қосымшасына тегін қол жеткізуді қамтамасыз ету, заттар интернеті желілерін және виртуалды операторлардың жұмысын реттеу, отандық спутниктік операторларды қолдау, телекоммуникациялық қызметтердің сапасын арттыру бойынша қор құру, инфрақұрылымды орналастыру және салу рәсімдерін оңайлату, сондай-ақ байланыс желілеріндегі ақпараттық қауіпсіздік саласындағы құзыреттерді нақтылау мәселелері бар.

Қатысушылардың ерекше назарын тұрғын үйлерде базалық станцияларды орналастыру, жаңа Қор құру, сондай-ақ кабельді канализацияға тең қолжетімділік мәселелері аударды. Әзірлеушілер талқылау барысында түскен барлық ескертулер заң жобасын пысықтау кезінде ескерілетінін атап өтті.

Заң жобасын іске асыру нәтижесінде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын одан әрі дамытуға нормативтік негіз қалыптасып, ел азаматтарының барлығына сапалы байланысқа тең қолжетімділік қамтамасыз етіледі деп күтілуде.