Тұрақты комиссияның бірлескен отырысы өтті
Бүгін аудандық мәслихат депутаты Е. Көшербаевтың төрағалығымен мәслихаттың бюджет, экономика, инфрақұрылымды және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі, сондай-ақ білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік, мәдениет және жастар саясаты, ұйымдастыру және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті.
Отырыста аудандық мәслихаттың кезектен тыс XXXIX-сессиясының күн тәртібіндегі мәселелер қаралды.
1-мәселе бойынша, Тасқала аудандық мәслихатының «2025–2027 жылдарға арналған Тасқала ауданының бюджеті туралы» 2024 жылғы 20 желтоқсандағы №29-3 шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Баяндама жасаған – аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Л.Тастембекова.
Келесі мәселелер бойынша аудан әкімі аппараты басшысының м.а. Ж.Сүндетқалиев Тасқала ауданы әкімдігінің дербес құрамына өзгерістер енгізуге келісім беру сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі, терроризмге қарсы және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың құрамдарын жаңарту мәселелері сессияға бекітуге ұсынылды.
6-мәселе аясында Тасқала ауданы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму тарифтеріне қатысты 2023 жылғы 17 қаңтардағы №36-1 және 2023 жылғы 31 наурыздағы №1-1 шешімдердің күшін жою туралы шешім жобасымен аудандық мәслихат аппаратының басшысы Д. Махашева таныстырды.
Отырыс қорытындысында комиссия төрағасы Е. Көшербаев ұсынылып отырған шешім жобаларын және депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстарды ескере отырып, оларды алдағы сессияда бекітуге ұсынды.