Ұлттық статистика бюросына жаңа басшы орынбасары тағайындалды

Ұлттық статистика бюросына жаңа басшы орынбасары тағайындалды

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары қызметіне Гүлмира Қараулова тағайындалды. Бұған дейін ол Бюроның Қызмет көрсету және энергетика статистикасы департаментінің директоры қызметін атқарған.

Гүлмира Қараулова – М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сонымен қатар Халықаралық бизнес университеті мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын аяқтаған. Экономика, әлеуметтік ғылымдар және саясаттану салаларының магистрі.

Статистика саласындағы еңбек жолын 2000 жылы Статистика агенттігінің Әлеуметтік статистика және үй шаруашылықтарын зерттеу басқармасының Халықтың өмір сүру деңгейі статистикасы бөлімінде жетекші маман болып бастаған. Кейін РМК «Ақпараттық-есептеу орталығы» үй шаруашылықтары статистикасы ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінде еңбек жолын жалғастырған.

2007–2014 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің Еңбек статистикасы және үй шаруашылықтарын зерттеу департаментінде сарапшыдан басқарма басшысына дейінгі түрлі лауазымдарды атқарған.

2014–2019 жылдар аралығында Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің Әлеуметтік және демографиялық статистика басқармасын басқарған.

2019 жылдан бастап Ұлттық статистика бюросында Қызмет көрсету және энергетика статистикасы басқармасын, кейіннен департаментін басқарып, директор орынбасары және директоры қызметтерін атқарған.

Жаңа қызметінде ол ұлттық шоттар, еңбек және халықтың өмір сүру деңгейі, өнеркәсіп, қызмет көрсету, энергетика, туризм және инвестиция статистикасы бағыттарына жетекшілік ететін болады.

Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебін бітіріп, Дьюк университетінің Сэнфорд мемлекеттік саясат мектебінде оқу бағдарламасынан өткен. Халықаралық Валюта

Қорының Институтында   макроэкономикалық  статистика бойынша оқу бағдарламасын сәтті аяқтаған.

Гүлмира Қараулова «Статистика үздігі» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» және «Қазақстан Республикасы Конституциясына 20 жыл» медальдарымен марапатталған.