2024 жылғы сәуірдегі тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруі мен мәмілелер саны

2024 жылғы сәуірдегі тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруі мен мәмілелер саны

Бір жылда (2024 жылғы сәуір 2023 жылғы сәуірге) жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 1,6%, пәтерлерді қайта сату бағалары 0,1% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға беру төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2024 жылғы сәуірде 3,1% жоғарылады.
Өңірлер бөлінісінде жаңа үйлер нарығында баға жылдық мәнде Ақтөбе – 9,5%, Қызылорда 7,1% қалаларында қымбаттады. Қолданыстағы пәтерлер нарығында баға өсімінің көшін Атырау (12,2%) мен Жезқазған қалалары (7,1%) бастап тұр, тұрғын үйді жалға алу нарығында – Жезқазған (23,4%), Қарағанды (23%) және Атырау қалалары (21%).



Бір айдың ішінде (2024 жылғы сәуір 2024 жылғы наурызға)  пәтерлерді қайта сату 1% өсті, ал жаңа тұрғын үйді сату 0,4% төмендеді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі сәуірде өткен аймен салыстырғанда 0,3% жоғарылады.

2024 жылғы сәуір айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 31 248 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 7 830 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 23 418 мәміле жасалды. 2024 жылдың наурызымен салыстырғанда (26 389) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 18,4%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша, бұрынғысынша, Астана (5 583 – 17,9%) және Алматы (4 949 – 15,8%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 668 – 8,5%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 333 бірлік (1,1%).

2024 жылдың наурызымен салыстырғанда сәуірде өсім еліміздің барлық өңірінде байқалды. Теріс көрсеткіш тек Алматы (-4,7%) қаласында орын алды. Ал ең жоғарғы өсім Жетісу (58,3%-ға), Ұлытау (54,9%-ға) және Маңғыстау (42,4%-ға) облыстарында тіркелді.

2024 жылдың наурызымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 12,5%-ға (2 603 мәмілеге) артты. 2024 жылдың сәуір айында пәтерлер бойынша барлығы 23 418 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 74,9%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (23,3%), Алматы (18,7%) қалаларына және Қарағанды облысына (9,5%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2024 жылдың сәуір айында олар бойынша 8 844 мәміле ресімделген.

2024 жылдың наурыз айымен салыстырғанда, 2024 жылдың сәуірінде жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны да 40,5%-ға немесе 2 256 мәмілеге өсті. Сәуірде ағымдағы жылдың басынан бастап ең көп мәміле тіркелген, барлығы – 7 830. Сонымен қоса, ұлғаю еліміздің барлық аймағында байқалды. Ең жоғарғы өсім Ұлытау (85,4%-ға), Атырау (77,9%-ға) және Қостанай (66,3%-ға) облыстарында болды.

2024 жылдың сәуірінде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері өткен жылдың тиісті айымен салыстырғанда 0,6%-ға азайған, ол кезде 31 445 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Шымкент қаласында (20,4%-ға) байқалды, ең үлкен төмендеу – Маңғыстау облысында (18,9%-ға). 2024ж. қаңтар-сәуір айларындағы мәмілелер санының 2023ж. қаңтар-сәуір айларымен салыстырғанда динамика 15,1% жоғарылады.



ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді. Баға индекстері облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша іріктелген байқау деректері негізінде қалыптастырылады. Жаңа тұрғын үйлер бойынша ақпарат сату бойынша операциялар жүргізетін құрылыс компанияларынан жинал ады, бұл ретте пәтердің бастапқы және таза әрленгендегі бағасы ескеріледі. Пәтерлерді қайта сату және жалға алу бойынша деректер интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын хабарландырулар негізінде жиналады. Бағаларды есептеу кезінде бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер бойынша ұсыныстар есепке алынады.