Ұлттық статистика бюросының кеңейтілген отырысы өтті

Ұлттық статистика бюросының кеңейтілген отырысы өтті

Бүгін бюрода ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың төрағалығымен ведомствоның жүргізіп жатқан жұмысын қорытындылауға арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Алқа жұмысына Ұлттық статистика бюросының және «Ақпараттық есептеу орталығы» РМК басшысы, сондай-ақ Бюроның құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің басшылары қатысты.

Кіріспе сөзінде Мақсат Тұрлыбаев бастапқы статистикалық деректердің сапасын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Бұрмалау фактілерін алдын алу мен сапалы статистикалық ақпараттың қалыптасуын қамтамасыз ету сала жұмысында шешуші рөл атқарады.

«Биыл 8 маусымнан бастап «ҚР Мемлекеттік статистика туралы» заңына әкімшілік деректер мен респонденттерге қатысты профилактикалық бақылауды алып тастау туралы түзетулер күшіне енеді. Енді әкімшілік деректерге қатысты мемлекеттік бақылау қашықтан бақылау, мерзімді және жоспардан тыс тексеру нысанында жүзеге асырылатын болады. Бұл шаралардың барлығы респонденттердің әкімшілік деректер мен бастапқы статистикалық мәліметтерді ұсыну тәртібін бұзуын азайтуға бағытталған», - деді М.Тұрлыбаев.

Отырыста бюро департаменттерінің басшылары бастапқы статистикалық деректерді алу, аумақтық бөлімшелердің баға статистикасы бойынша деректерді жинау және әкімшілік көздерді мемлекеттік бақылауды қоса алғанда, негізгі бағыттар бойынша баяндамалар ұсынды.

Сондай-ақ 2024 жылғы тамыздағы пилоттық ауыл шаруашылығы санағына дайындық мәселелері, мал шаруашылығы статистикасының көрсеткіштерін қайта қарау, ЕАЭО елдерімен өзара сауда бойынша деректерді қалыптастыру және жұмыспен қамту және өмір сүру деңгейін зерттеу деректерінің сапасы талқыланды.

Бюро басшысы 2025 жылғы ауыл шаруашылығы санағына тыңғылықты дайындықтың маңыздылығына тоқталды.

«Біз ағымдағы жылдың бірінші тоқсанына арналған іс-шаралар жоспарын бекіттік, оған санақ бойынша қызметкерлердің жүктеме нормаларын анықтау, ведомствоаралық жұмыс тобы мен өңірлік комиссияларды құру жұмыстары кірді. Пилоттық зерттеу 2024 жылдың тамызында өтеді. Пилоттық ауыл шаруашылығы санағы жүргізілетін елді мекендер анықталды. Қазіргі уақытта пилоттық санақты өткізу ережелері мен санақ сауалнамаларының нысанын келісу және бекіту жүріп жатыр. Бұл шаралардың барлығы статистикалық мәліметтердің нақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз ету үшін қажет», — деді Бюро басшысы.