2023 жылғы желтоқсандағы тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруі мен мәміле саны

2023 жылғы желтоқсандағы тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруі мен мәміле саны
Бір жылда (2022 жылғы желтоқсан мен 2023 жылғы желтоқсанды салыстырғанда) жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 3,4% өсті, ал пәтерлерді қайта сату бағалары 3,7% төмендеді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 2022 жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2023 жылғы желтоқсанда 1,6% жоғарылады.

Өңірлер бөлінісінде жаңа пәтерлер нарығында жылдық мәнде баға Қызылорда – 12,6% және Петропавл – 10,6% қалаларында қымбаттады. Қолданыстағы пәтерлер нарығында баға өсімінің көшін Атырау (8,2%), Қызылорда (6,9%) қалалары бастап тұрса, тұрғын үйді жалға алу нарығында – Жезқазған (33,4%), Көкшетау (26,1%), Қарағанды (23%) қалалары тұр.

 
 
Бір айдың ішінде (2023 жылғы желтоқсан 2023 жылғы қарашаға) абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 0,9%, жаңа тұрғын үйді сату – 0,6%, пәтерлерді қайта сату – 0,2% өсті.
 
 



2023 жылғы желтоқсан айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 37 818 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 8 238 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 29 580 мәміле жасалды. 2023 жылдың қарашасымен салыстырғанда (31 727) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 19,2%-ға көбейді. Мәмілелер саны бойынша бұрынғысынша Алматы (7594 – 20,1%) және Астана (7157 – 18,9%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2946 – 7,8%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 447 бірлік (1,2%).

2023 жылғы қарашамен салыстырғанда желтоқсанда ең жоғары өсім Астана (+48,2%), Түркістан облысында (+44,1%) және Шымкент қаласында (+30,5%) тіркелді. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Солтүстік Қазақстан (24%), Ақмола (4,8%), сонымен қатар Қызылорда (-4,6%) облыстарында орын алды.

2023 жылғы қарашаға қарағанда желтоқсанда көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 22,5% (5432 мәмілеге) артты. Желтоқсан айында пәтерлер бойынша барлығы 29 580 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 78,2%. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (23,7%), Алматы (23,5%) қалаларына және Қарағанды облысына (8,2%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым, желтоқсан айында олар бойынша 11 465 мәміле ресімделген.

2023 жылдың қараша айымен салыстырғанда, желтоқсанда жеке тұрғын үйлер бойынша да мәміле саны көбейді – 8,7% (659 мәмілеге) өсіп, 8 238 құрады. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең көп өсімі Алматы (39,7%), Шымкент (38,9%) және Астана (33,9%) қалаларында байқалды. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Солтүстік Қазақстан (18,1%), Қостанай (17,5%) және Ақтөбе (11,6%) облыстарында орын алды.

2023 жылдың желтоқсанында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 12,6%-ға көбейген, ол кезде 33 587 мәміле ресімделген болатын. Азаюдың ең жоғарғы көрсеткіші Ақтөбе облысында (15,3%) тіркелді, ал Алматы облысында ұлғаюдың ең жоғары көрсеткіші (62,3%). Динамиканың төмендеуі 2023ж. қаңтар-желтоқсан айларындағы мәмілелер санының 2022ж. қаңтар-желтоқсан айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда азаюы 20,5% көрсетті.


ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді. Баға индекстері облыс орталықтары мен Астана,
Алматы, Шымкент қалалары бойынша іріктеп байқау деректері негізінде қалыптастырылады. Жаңа тұрғын үйлер бойынша ақпарат сату бойынша операциялар жүргізетін құрылыс компанияларынан жиналады, бұл ретте пәтердің бастапқы және таза әрленгендегі бағасы ескеріледі. Пәтерлерді қайта сату және жалға алу бойынша деректер интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын хабарландырулар негізінде жиналады. Бағаларды есептеу кезінде бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер бойынша ұсыныстар есепке алынады.