Қазақстан Республикасындағы инфляция

Қазақстан Республикасындағы инфляция

Бір айдын ішінде тұтыну бағаларының индексі (2023 жылғы ақпан) 1,3% құрады. Өткен айда азық-түлік тауарлары – 1,5%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,8%, ақылы қызметтер 1,3% өсті.

Азық-түлік тауарлары арасында көкөніс бағасы айтарлықтай өскен, ақпанда басты пияз – 28,5%, қызанақ – 17%, ақбас қырыққабат – 10,9%, қияр – 9,8%, қызылша – 5,4%, тәтті бұрыш – 4,7%-ға қымбаттаған. Сондай-ақ баға күрішке – 4,4%-ға, салқындатылған балыққа – 3,6%, консервіленген сүтке – 2,8%, кертік батон мен шоколадпен глазирленбеген кәмпиттерге – әрқайсысы 2%-ға, майлылығы 2,5% айран мен тұздалмаған сары майға – әрқайсысы 1,8%-ға, пастерленген сүтке – 1,6%-ға өскен. Осы ретте айлық мәнде құмшекер 2,3%, қарақұмық жармасы 1,5%-ға арзандады.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде бағаның ең көп өсімі ақпанда жуу және тазалау құралдарында байқалды. Мәселен, өткен аймен салыстырғанда кір сабын – 2,8%, кір жуу ұнтағы, ыдыс жууға арналған құралдар – әрқайсысы 2,5%-ға, ағартқыштар – 2,4%, дәретхана қағазы 2,1% қымбаттады. Баллондағы сұйытылған газ 1,6% қымбаттады.

Жолаушы тасымалындағы баға бойынша әуе көлігінің қызметтері – 21,5%-ға, темір жол көлігінің қызметтері 2,3% өсті. Коммуналдық қызметтер бойынша орталықтан жылыту тарифтері – 7,1%, ыстық су – 6,3%, су бұру – 3,1%,  тұрғын үйді күтіп ұстау – 1,8%, суық су – 1%, электр энергиясы 0,7%-ға өсті.

Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Алматы облысында – 1,8% (орташа республикалық деңгейден 0,5 п.т. жоғары), ең төменгісі – 0,7% Қызылорда облысында тіркелді.

Аймақтық бөліністе азық-түлік тауарлары Қарағанды облысында – 2,2%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – Жетісу облысында – 1,4%-ға, ақылы қызметтер Павлодар облысында – 2,9%-ға ең жоғары өсім көрсеткен.

 

2023 жылғы ақпанда жылдық мәнде инфляция деңгейі 21,3% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 26,2%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 20,5%, ақылы қызметтер 15% өсті.

                2022 жылғы ақпанмен салыстырғанда пияз – 105%, кір сабын – 90,3%, кеңсе тауарлары – 71,8%, қияр – 56,8%, ағартқыштар мен балалар сабыны – әрқайсысы 56,3%-дан, қант – 55%, консервіленген сүт – 49,1%, күріш – 44,9%, макарон өнімдері – 41,1%, ұн 40,2% қымбаттаған. Жылдық мәнде, керісінше, ақбас қырыққабат 30,1%-ға арзандады.

         Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары – барлығы 508 позиция бойынша жүргізіледі. Бағаларды тіркеу барлық облыс орталығында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгілі бір шеңберінде әртүрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі.

*2023 жылғы қаңтардан бастап, тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі – 41,8%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 29,6%, ақылы қызметтер 28,6% құрады.