Қазақстан Республикасындағы инфляция

Қазақстан Республикасындағы инфляция

Бір айлық мәнде тұтыну бағаларының индексі 2022 жылғы қарашамен салыстырғанда желтоқсанда 0,2 пайыздық тармаққа төмендеп, 1,2% құрады. Өткен айда азық-түлік тауарлары 1,6%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 1,3%-ға, ақылы қызметтер 0,5%-ға қымбаттады.

Азық-түлік арасында көкөніс бағасы айтарлықтай өскен, желтоқсанда қияр 35,6%-ға, қызанақ 14,6%-ға, тәтті бұрыш 8,4%-ға, пияз 7,9%-ға, қызылша 3,8%-ға қымбаттады. Құмшекер 3,8%-ға, лимон 0,9%-ға арзандады.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде желтоқсан айында техника бағасы айтарлықтай жоғарылаған. Мәселен, 2022 жылғы қарашамен салыстырғанда сымсыз құлаққаптар – 7,7%-ға, планшет – 6,3%-ға, электрлі жылытқыштар – 6,1%-ға, ноутбук – 3,7%ға қымбаттады. Ыдыс жууға арналған құралдардың бағасы 4,5%-ға, кір жуғыш ұнтақтікі 4%-ға өсті.

Өткен айда ақылы қызметтердің бағасы 0,5%-ға өсті. Туристердің медициналық сақтандыру қызметі 7,3%-ға, көлік жуу қызметі 3,8%-ға қымбаттады. Коммуналдық қызметтер бойынша тарифтердің төмендеуі орталықтан жылыту (1 гКал) мен ыстық суға (1 м3) байқалды – әрқайсысы 0,4%-дан.

Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Қостанай және Жамбыл облыстарында тіркелді – әрқайсысында 1,9%-дан (республикалық орташа деңгейден 0,7 п.т. жоғары), ең төмені Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысында – әрқайсысында 0,7%-дан.

Өңірлер бөлінісінде азық-түлік тауарлары Қостанай және Жамбыл облыстарында ең көп өсті – 2,5%-дан, азық-түлікке жатпайтын тауарлар Қостанай облысында – 2,2%, ақылы қызметтер Жетісу облысында – 1,7%.

 

2022 жылғы желтоқсанда жылдық мәнде инфляция деңгейі 20,3% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 25,3%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 19,4%-ға, ақылы қызметтер 14,1%-ға өсті.

2021 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда шақпақ қант 92,7%-ға, кір сабын 87,6%-ға, кеңсе тауарлары 70,3%-ға қымбаттады. Керісінше, жылдық мәнде сұйытылған газ (баллондарда) – 23%-ға, қырыққабат 15,2%-ға арзандады.

Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары – барлығы 508 позиция бойынша жүргізіледі. Инфляция бойынша динамикалық өзгерістерді 2018 жылдан бастап көрсеткіштер қамтылған арнайы әзірленген интерактивті дашбордта көруге болады.

* 2022 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағаларының индексін құру кезінде азық-түлік тауарларының үлесі 40,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың үлесі 30,2%, ақылы қызметтердікі 29,1% құрайды.