Ұлттық статистика бюросы ресми ресурсын жаңартты  

Ұлттық статистика бюросы ресми ресурсын жаңартты   

Ұлттық статистика бюросы пайдаланушыларға ресми сайттың жаңартылған нұсқасын ұсынады.

Бүгінде пайдаланушыға сайтқа кірген кезде тестілеу үшін сайттың жаңа нұсқасына өту ұсынылады. Сайттың барлық қызметтері мен ішкі жүйелері әдеттегі режимде жұмыс істейді, олар пайдаланушылар үшін барынша жеңілдетілген. Сайт мобильді құрылғылардың барлық түріне бейімделген, қарапайым және қолдануға ыңғайлы етіп жасалған.

Сайттың жаңа құрылымы пайдаланушылардың мінез-құлқын зерттеу арқылы, сайтқа арналған жаңа шешімдерді сынаған фокус-топтың пайымдары мен ұсыныстары негізінде әзірленді.

«Біздің сайттың трафигі күн сайын артып келеді. Өткен жылы 14,7 миллион адам сайтқа кірген. Сондықтан біз оны пайдаланушылар үшін мүмкіндігінше ыңғайлы етуге тырыстық. Біз сайттың құрылымын өзгерттік, сонымен бірге әдеттегі бағандарды сақтап, халық, инфляция, ЖІӨ, жұмыссыздық деңгейі, кірістер және сыртқы сауда балансы бойынша негізгі айдарларды енгіздік, онда ақпарат жасақталуына қарай жаңарып отырады. Мұнда навигация жақсартылған. Жарияланымдардың жаңа web-форматы және статистикалық ақпаратты ұсынудың жаңа құралдары енгізілді. Әр саланың өз парақшасы бар, онда сіз барлық статистикалық көрсеткіштерді толық көлемде ала аласыз. Келесі кезеңде біз респонденттің кабинетін жаңартумен айналысатын боламыз», – деді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов.

Сайтта ыңғайлы іздеу жүйесін енгізуге барынша күш салынды. Сайттың барлық бөлімдері ақпаратты ұсынудың бірыңғай стандарттарына сәйкес ұйымдастырылған: кестелер тақырып бойынша топтастырылған, шығарылым күнтізбесі пайда болды. Әр бөлімдегі түсіндірме материалдар қол жетімді түрде берілген және визуалды графикамен толықтырылған. Қолданылатын дизайн жүйесі көру қабілеті нашар адамдарға ақпарат берудің заманауи стандарттарына сәйкес келеді. Сайттың жаңа нұсқасы тестілеу кезеңі аяқталған соң күшіне енеді. Барлық ескертулер мен ұсыныстарды «Пікірлер мен ұсыныстар» айдарында қалдыруға болады.

Сонымен бірге бюроның логотипі де өзгерді. «Логотипте Мемлекеттік Тудың негізгі түсттерінің реңкі қолданылған. Логотиптің негізгі «Q» элементі «Қазақстан» ел атауының және «Қазстат» атауының қысқартылған нұсқасын латын жазуындағы әріп емлесімен берілген. Дөңгелек пішінді «Q» әрпі өңдеуде қолданылатын бастапқы деректердің құпиялылығын және жүргізілген бақылаулардың тұтастығының сақталуын білдіретін тұйық фигураны білдіреді. Логотиптің бұрышындағы бар-чарттар Бюроның ақпарат жинайтын негізгі үш бағытты – салалық статистиканың негізгі көрсеткіштерінің де, Бюро қызметінің де өсуіне алып келетін әкімшілік және балама көздер, респонденттермен жұмыс істеуді білдіреді», – деп түсіндірді Ж.Шаймарданов.