Бюроның Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы аумақтық департаменттерінде жаңа басшы тағайындалды. Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов екі облыстың басшысын жеке барып таныстырды. Абай облысында басшылыққа Берік Серікқанұлы Терлікбаев тағайындалса, ШҚО-да Нұрланов Ерназ Нұрланұлы қызметке отырды. Жетісу облысының аймақтық басшысын әріптестер алдында Бюро басшысының орынбасары Мақсат Тұрлыбаев таныстырды. Онда аумақтық департаментті Букенов Марат Буранбекович басқарады.
Берік Серікқанұлы Терлікбаев бұған дейін ШҚО бойынша өңірлік Департаментті басқарған болатын. Мемлекеттік қызметте 21 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, салық және аудит салаларында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. Статистика саласында еңбек жолын 2003 жылы бастаған, Аягөз ауданының статистика секторының бастығы болған. 2012 жылдан бастап ШҚО бойынша өңірлік департамент басшысының орынбасары болды. 2021 жылғы шілдеден бастап, Абай облысына ауысқанға дейін департамент басшысы қызметін атқарды.
Нұрланов Ерназ Нұрланұлы департамент басшысы боп тағайындалғанға дейін ШҚО бойынша басшы орынбасары қызметін атқарған. 10 жылдан астам жұмыс өтілі бар. Еңбек жолын ақпараттық және техникалық қамтамасыз ету секторының маманы болып бастаған. Өскемен қаласы бойынша статистика басқармасында жұмыс істеді. Әр жылдары ШҚО-ның Бесқарағай, Тарбағатай аудандарының статистика басқармасын басқарды. 2021 жылғы мамырдан бастап облыс бойынша департамент басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.
Марат Буранбекович Букенов жаңа орынға ауысқанға дейін Алматы қаласы бойынша аумақтық департамент дбасшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 28 жылдан астам. Еңбек жолын кәсіптік-техникалық училищеде оқытушы болып бастады. Статистика саласында 1999 жылдан бастап жұмыс істейді. Еңбекшіқазақ аудандық статистика бөлімінің басшысы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2013 жылдан бастап Алматы облысы бойынша департамент басшысының орынбасары болды.