Инфляция қалай есептеледі

Инфляция қалай есептеледі

 Ұлттық статистика бюросы ай сайын елдегі инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағаларының индексін есептейді. Соңғы деректер бойынша (2022 жылғы шілде) Қазақстандағы жылдық инфляция мөлшері 15%-ды құрады. 

Тұтыну бағаларының индексі дегеніміз не?

Тұтыну бағаларының индексі белгілі бір тауарлар мен қызметтер бағасының нақты бір уақыт аралығындағы өзгеруін көрсетеді. Бұл орташа есептелген көрсеткіш, оны есептеу үшін халықтың жеке тұтыну үшін сатып алған тауарлары мен қызметтерінің үлес салмағы мен баға өзгерісі ескеріледі.  

Бюро қызметкерлері базалық объектілерді аралау арқылы ай сайын баға мониторингін жүргізеді. Бұл негізінен супермаркеттердің, дүкендердің, базарлардың, әлеуметтік дүкендердің, сауда үйлерінің, сондай-ақ әртүрлі қызметтерді ұсынатын объектілердің таңдаулы аясы. Барлық тиісті елдімекендерді қосқанда ондағы бақыланатын нысандар саны 10 мыңнан асады.

Тауарлардың ассортименті өте үлкен. Мәселен, бір сүттің өзінің майлылығына, көлеміне, өңделуіне, қаптамасына, брендіне, өндірушісіне байланысты алуан түрі болады. Сондықтан белгілі бір өнім мен қызмет түрі іріктеліп алынады. Бюро тұтыну шығыстарында ең көп үлес салмағы бар тауарлар мен қызметтердің 508 түрі бойынша бағаларды тіркейді. Бұл тізімге азық-түлік, киім және аяқ киім, тұрмыстық тауарлар, автомобиль, ТКШ тарифтері, байланыс қызметтері, шаштараз, қоғамдық көлікте жүру және тағы басқа тауарлар мен қызметтер кіреді.

Осылайша, бірдей сападағы, сату мен төлем жасаудың тең жағдайында сатылатын тауарлар мен қызметтер бойынша ай сайын (бір күнде) зерттеулер жүргізіледі. Егер қандай да бір өнім бұдан былай шығарылмаса, ол сипаттамасы бірдей өзге тауарға алмастырылады.

 

Тұтыну бағасының индексі қалай есептеледі

 Ең алдымен жеке бір тауардың баға индексі есептеледі. Мысалы, егер қарақұмық жармасының бір келісі алдыңғы айда 550 тг, ал ағымдағы айда 660 тг тұрса, өнім 20%-ға қымбаттады деген сөз. Әрі қарай индекстер топтар мен бөлімдер бойынша біріктіріледі. Айтылған мысалдағы қарақұмық азық-түлік өнімдерінің бөліміне жатады. Ал жалпы индексті есептеу үшін тұтыну себетіндегі әр өнімнің нақты үлес салмағын білу керек. Ол үшін үй шаруашылықтарының тұтыну шығындары бойынша зерттеу деректері пайдаланылады. Әр тауар не қызметке жұмсалған шығынның шығыстардың жалпы сомасындағы үлесі сол тауардың салмағы болып табылады. Үй шаруашылықтарының тауарлар мен қызметтерге шығындары әртүрлі болатыны түсінікті. Сондықтан ТБИ үлес  салмағы әр өнімнің салыстырмалы маңыздылығын көрсетеді. Осылайша азық-түлік, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың, сондай-ақ қызметтердің баға индекстері мен үлес салмағы есептеліп, инфляция деп аталатын бір көрсеткішке біріктіріледі.

 

Инфляция мен жекелеген тауарлар мен қызметтердің бағасы туралы деректерді stat.gov.kz сайтының «Ресми статистика» / «Салалар бойынша» / «Баға статистикасы» бөлімінен көруге болады.