Қазақстанда өндірістік жарақаттанудан қаза болғандар саны азайды

Қазақстанда өндірістік жарақаттанудан қаза болғандар саны азайды

Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар кезінде зардап шеккендер саны өткен жылы 2 133 адамды құрады, оның ішінде 389 адам (18,2%) – әйелдер.

Зардап шеккендердің жалпы санынан қаза тапқандар саны 176 адамды құрады, бұл 2020 жылға қарағанда 27 адамға кем.

              Жарақаттанудың ең жоғары көрсеткіші Қарағанды облысында сақталуда. 2021 жылы онда 537 жағдай тіркелді, бұл жалпы жағдайлардың 25,2% құрайды. Екінші орында Шығыс Қазақстан облысы*, онда өндірісте 320 адам жарақат алды (жалпы санының 15%).

* Өңірлер бөлінгенге дейінгі, 2021 жылғы деректер

Топтық жазатайым оқиғаларда 240 адам, кәсіби аурулардың болу салдарынан – 351 адам, 47 адам уланудан зардап шекті. Сондай-ақ мас күйінде 24 адам, есірткі әсерінде болған 8 адам қызметте жарақат алған. Психикалық ауытқулар салдарынан өндірісте 9 адам жарақат алған.

                Өңдеу өнеркәсібі жарақат алу қаупі жоғары сала болып отыр, өткен жылғы жазатайым оқиғалардың 26,8%-ы осы салада тіркелді. Екінші орында тау-кен өндіру өнеркәсібі, онда зардап шеккендердің 20,8%-ы жұмыс істеген. Жазатайым оқиғалар саны ең аз сала – ауыл, орман және балық шаруашылығы, жарақат алғандардың үлесі – 2,9%-ы.  

Зардап шеккендердің ауыр дәрежеде жарақат алғандар үлесі – 44,6%-ды, орташа дәрежеде – 13%-ды, жеңіл дәрежеде 32,5%-ды құрады. Зардап шеккендердің 9,9%-ы қайтыс болды.

 

Жазатайым оқиға нәтижесінде алынған жарақаттар:

жабық сынықтар - 592 адам

сыртқы жарақаттар-456 адам

шайқалудан болған жарақат және ішкі ағзалардың жарақаты -246 адам

ашық сынықтар - 124 адам

термиялық күйік – 106 адам

ашық жаралар-71 адам

Өткен жылы ең көп таралған кәсіби аурулар: дорсальгия – спецификалық емес арқадағы ауырсыну (200 адам); радикулопатия – неврологиялық синдром (196 адам) және дірілдің және басқа да сыртқы себептердің әсері (146 адам).