Ұлттық статистика бюросы ЮНИСЕФ және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, балаларға қатысты зорлық-зомбылық статистикасының көрсеткіштері бойынша жұмыс істейтін болады

Ұлттық статистика бюросы ЮНИСЕФ және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, балаларға қатысты зорлық-зомбылық статистикасының көрсеткіштері бойынша жұмыс істейтін болады

Бүгінгі таңда Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы балалардың жынысы, жасы, білімі, денсаулығын қорғау және әл-ауқат деңгейі бойынша көрсеткіштерді қамтитын негізгі индикаторлар бойынша ақпаратты жинау және өңдеу бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Неғұрлым ауқымды зерттеулер жүргізу және балалардың жағдайы туралы құнды деректер алу үшін Бюро Қазақстандағы БҰҰ-ның балалар қоры UNICEF-пен бірлесіп, бірнеше жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.

Қазақстандағы UNICEF өкілі Артур Ван Дизен мырзамен кездесу барысында Бюро басшысы Жандос Шаймарданов балалар өмірі және олардың өсіп жатқан ортасы туралы алынатын деректердің маңыздылығын атап өтті. «Бюро БҰҰ балалар қорымен ынтымақтастықта әйелдер мен балалардың жағдайы бойынша мультииндикаторлық кластерлік зерттеудің 3 раундын өткізді, бұл деректер балалар мүддесіне бағытталған ұлттық саясатты әзірлеу және халықаралық салыстыру үшін пайдаланылды. Біз бірлескен жұмысты 2023-2025 жылдары да жалғастыруға дайынбыз. Келесі зерттеу аясында біз пандемияның және басқа да факторлардың балалар мен отбасылардың жағдайына әсер етуін бағалай аламыз деп үміттенеміз, бұл қазіргі жағдайды түсінуге көмектесіп, тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) мониторингінде  қолданылады. Бірлескен жоба UNICEF-тің қаржыландыруымен жүзеге асырылады», – деді Бюро басшысы.

Әйелдер мен балалардың жағдайы бойынша мультииндикаторлы кластерлік зерттеу 2006, 2010-2011, 2015 жылдары жүргізілді, олардың материалдары, ТДМ көрсеткіштерін қоса алғанда, «Қазақстан балалары» статистикалық жинағында және «Балалар туралы  статистика» веб-парағында көрініс тапты.

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды дамытудың басым бағыттарын, атап айтқанда, балалар арасындағы көп аспектілі кедейлік көрсеткіштері бойынша әдіснаманы әзірлеу және сынақтан өткізу, әдіснамалық мәселелерді және ЮНИСЕФ-тің «TransMonEE» өңірлік базасына деректерді ұсынуды талқылады. Бюро қор өкілдерімен бірге балаларға қатысты зорлық-зомбылық бойынша әкімшілік есепке алуды жетілдіру мәселелері бойынша уағдаласты, бұл балалар көрсеткіштері мәселелері жөніндегі бюроның ведомствоаралық жұмыс тобының шеңберінде пысықталатын болады.