22-23 маусым күндері ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев ЭЫДҰ-ның Статистика және статистикалық саясат жөніндегі комитетінің 23-отырысына қатысты.
Жыл сайынғы отырысқа қатысушы елдердің ұлттық статистикалық органдарының өкілдері ресми статистиканы дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылау мақсатында бас қосты. Кездесу барысында жаңа дерек көздері мен жасанды интеллект технологияларын енгізу, статистикалық ақпараттың сапасын арттыру, әлеуметтік зерттеулерді жетілдіру және тұрақты қаржыландыру саласындағы халықаралық деңгейде салыстырмалы статистиканы дамыту мәселелері қаралды.
Сондай-ақ ресми статистиканы өндіру үдерістеріне жасанды интеллекттің әсеріне ерекше назар аударылып, оның деректер сапасын арттырудағы мүмкіндіктері мен оған байланысты тәуекелдер талқыланды.
Аталған іс-шара аясында М. Тұрлыбаев Қазақстанның ЭЫДҰ-мен бірлескен жұмысы туралы ақпарат ұсынды. Атап айтқанда, ЭЫДҰ сарапшылар тобының қатысуымен Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне жүргізілген үш жылдық шолу жұмысының іс жүзінде аяқталуға жақын екені, оның қорытындысы бойынша ресми статистиканы дамытудағы елеулі прогресс оң бағаланғаны туралы хабарлады.
Сондай-ақ Қазақстан 2025 жылы қосылған ЭЫДҰ-ның адал статистикалық тәжірибе жөніндегі ұсынымын орындау бағытында Бюро тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар атап өтілді.
«Осы Шолудың жүргізілуі және Комитеттің барлық мүшелерінің қолдауының арқасында өткен жылдың шілде айында біз ұлттық статистикалық жүйе үшін аса маңызды кезеңге қол жеткіздік, Қазақстан ресми түрде тиісті статистикалық тәжірибесі жөніндегі Ұсынымға қосылды. Комитеттің барлық мүшелеріне көрсеткен сенімі үшін шынайы алғысымызды білдіремін және Қазақстанның ЭЫДҰ статистика сапасының жоғары стандарттарын сақтау жөніндегі берік ұстанымын тағы да растаймын», - деді М. Тұрлыбаев.
Комитет отырысы аясында М. Тұрлыбаев Париждегі халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігінің қолдауымен ЭЫДҰ-ның Әл-ауқат, инклюзивтілік, тұрақты даму және тең мүмкіндіктер орталығының (WISE) директоры Р. Боаринимен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстанның үй шаруашылықтары бойынша зерттеулер мен әлеуметтік сауалнамалар жүргізу кезінде кездесетін негізгі мәселелері және ықтимал ынтымақтастық бағыттары талқыланды.