
Ұлттық статистика бюросында ҚР Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара барысында жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілер ант қабылдап, салаға еңбегі сіңген қызметкерлер марапатталды.
Салтанатты іс-шара барысында Ұлттық статистика Бюро басшысының орынбасары Әсел Шауенова ұжымды кәсіби мерекемен құттықтап, елде жүргізіліп жатқан реформалар жағдайында мемлекеттік қызметшілер жұмысының маңыздылығын жоғары атап өтті.
«Биылғы жылы бұл мереке елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғамен — Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл құжат мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған жаңа кезеңнің басталуына жол ашты. Осы міндеттерді жүзеге асыруда мемлекеттік қызметшілердің рөлі ерекше.
Мемлекеттік қызмет — ең алдымен қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілік. Біздің жұмыс сапамыз қабылданатын шешімдердің тиімділігіне және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне тікелей әсер етеді. Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері күн сайын ел дамуына үлес қосып, пайдаланушыларды объективті әрі сенімді статистикалық ақпаратпен қамтамасыз етіп келеді», — деді Әсел Шауенова.
Іс-шараның ең маңызды сәттерінің бірі Бюроның 7 қызметкерінің ант қабылдау рәсімі болды. Жас мамандар салтанатты жағдайда Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Конституция мен Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға, өз қызметтік міндеттерін адал әрі жауапкершілікпен атқаруға ант берді.
Мерекелік шараға ерекше рух берген сәт – көпжылдық еңбегі мен кәсіби жетістіктері жоғары бағаланған қызметкерді марапаттау рәсімі болды.
Көпжылдық адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және мемлекеттік қызметті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен Қызмет көрсету және энергетика статистикасы департаменті Қызмет көрсету және көлік статистикасы басқармасының басшысы Светлана Григорьева марапатталды.
Марапатты қабылдай отырып, Светлана Григорьева бұл тек өз еңбегінің ғана емес, бүкіл ұжымның еңбегін бағалау деп санайтынын атап өтті.
«Әрбір кәсіби жетістіктің артында адамдар – әріптестер, тәлімгерлер, пікірлес жандар тұрады. Менің еңбек жолымның үш онжылдықтан астам уақыты мемлекеттік қызмет пен статистика саласымен тығыз байланысты. Осы жылдар бойы басты ұстанымым мемлекет алдындағы жауапкершілік, жұмыстың сапасы және қоғамға пайда келтіруге ұмтылу болды. Бұл марапат мен үшін үлкен құрмет әрі алдағы уақытта да аянбай еңбек етуге жігер беретін маңызды серпін», - деді Светлана Григорьева.
Іс-шара барысында сондай-ақ Бюро басшысының Алғыс хаттары қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары кәсібилік танытқан және мемлекеттік қызмет пен елдің статистикалық жүйесін жетілдіруге елеулі үлес қосқан қызметкерлерге табысталды.