
БҰҰ ЕЭК Қазақстанның статистика жүйесіндегі реформаларға және оның GAMSO стандарттарына сәйкестігіне жоғары баға берді
Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы (БҰҰ ЕЭК) ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының қызметіне жүргізілген секторалдық шолуды сәтті аяқтады. Үш күндік жұмыс қорытындысы бойынша халықаралық сарапшылар ресми деректерді өндірудің процеске бағдарланған моделіне көшу жөніндегі ұсынымдар мен жол картасының жобасын ұсынып қана қоймай, елімізде жүзеге асырылып жатқан реформаларға жоғары баға беріп, олардың GAMSO, GSBPM және GSIM халықаралық стандарттарына сәйкестігін атап өтті.
Сарапшылар тобының құрамына БҰҰ ЕЭК өңірлік кеңесшісі Таеке Гялтема, Исландия Статистика басқармасының өкілі Антон Карлсон, Сербия Статистика басқармасының өкілдері Мира Никич пен Никола Орлик, сондай-ақ тәуелсіз сарапшы Стив Вейл кірді.
Халықаралық сарапшылар Қазақстанда статистикалық өндіріс процестерінің тиімділігін, ашықтығын және технологиялық деңгейін айқындайтын GAMSO және GSBPM халықаралық стандарттарының енгізілуіне жан-жақты талдау жүргізді. Сонымен қатар олар Исландия мен Сербияның ресми статистиканы өндірудің толықтай процеске бағдарланған моделіне көшу жөніндегі үздік тәжірибелерін таныстырды.
Сарапшылар статистикалық деректерді өндірудің қолданыстағы процестерінің GSBPM халықаралық стандартына толық сәйкес келетінін атап өтті. Ресми статистиканы дамытудағы жоғары жетістіктерді ескере отырып, сарапшылар Бюроға статистика саласындағы өңірлік көшбасшылық рөлін жаһандық деңгейде кеңейтуді ұсынды.
Сондай-ақ әкімшілік деректердің сапасын қамтамасыз ету, баламалы деректер көздерін пайдалану, статистикалық өндірісте заманауи технологиялық шешімдерді енгізу және кадрлық әлеуетті арттыру бағыттарындағы жетістіктер ерекше аталып өтті.
«Біз Қазақстанның статистикалық жүйесінің қазіргі жағдайына жан-жақты талдау жүргіздік және мұнда жүзеге асырылып жатқан реформалардың жоғары бағалауға лайық екенін сеніммен айта аламыз. Әсіресе енгізіліп жатқан тәсілдердің GAMSO стандарттарына толық сәйкес келетінін атап өткім келеді. Бұл халықаралық статистикалық кеңістікке ықпалдасудың маңызды өлшемдерінің бірі болып табылады. Қазақстан өзгерістерді жай ғана жариялап қоймай, процеске бағдарланған модельді, метадеректерді басқаруды және цифрлық трансформацияны жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бұл - өңірдегі көптеген елдер ұмтылатын деңгей. Ұсынылған жол картасы – пісіп-жетілген әрі шынайы құжат, ол алдағы дамудың берік негізіне айналады», - деді БҰҰ ЕЭК өңірлік кеңесшісі Таеке Гялтема.
Бюро қызметкерлерінің кең ауқымының қатысуымен өткен ашық пікірталастар барысында GAMSO және GSBPM модельдерінің метадеректерге негізделген орталықтандырылған өндіріс жүйесімен байланысы, сондай-ақ заманауи IT-шешімдер талқыланды.
«Біз үшін жүргізіліп жатқан реформаларға тәуелсіз сараптамалық баға алу, халықаралық тәжірибемен танысу және ресми статистикаға қойылатын заманауи талаптарға сәйкес Бюроны одан әрі дамыту тәсілдерін талқылау аса маңызды болды. Ұсынылған ұсынымдар мен ұсыныстарды жоғары бағалаймыз. Бұл шолу нәтижелері қызметімізді жетілдіруде, статистикалық процестердің тиімділігін арттыруда және халықаралық стандарттар мен үздік тәжірибелерді табысты енгізуде маңызды бағдар болады деп сенемін», – деп қорытындылады Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Сондай-ақ ол БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясына тұрақты қолдау көрсеткені, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және ұлттық статистика қызметтерінің әлеуетін нығайтуға жәрдемдескені үшін ерекше алғысын білдірді.
Қорытынды есеп пен жол картасы БҰҰ ЕЭК сарапшыларының, сондай-ақ Бюро мен Ақпараттық-есептеу орталығының салалық мамандарының қатысуымен пысықталатын болады. Алынған ұсынымдар Қазақстанның статистикалық жүйесін одан әрі реформалаудың негізіне айналады.
Анықтама үшін: GAMSO, GSBPM және GSIM модельдері – статистикалық өндірісті ұйымдастыруға, метадеректерді басқаруға және ресми деректердің елдер арасындағы салыстырмалылығын қамтамасыз етуге арналған БҰҰ ЕЭК халықаралық стандарттары.