
Бұл шешім БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңес аясында қабылданды, оның жұмысына 54 мемлекет қатысты. Қазақстан комиссия құрамына Сингапур және Моңғолиямен бірге Азия-Тынық мұхиты өңірлік тобы ұсынған бірыңғай келісілген тізім арқылы сайланып отыр. Бұл тағайындау өңір елдерінің қолдауының арқасында жүзеге асты.
Қазақстанның БҰҰ Статистикалық комиссиясы құрамына енуі – халықаралық қауымдастықтың жоғары сенімін көрсетіп, елдің жаһандық статистикалық жүйені дамытудағы белсенді рөлін айқындайды.
Комиссия жұмысына қатысу – Қазақстанға халықаралық статистикалық стандарттарды қалыптастыруға, сондай-ақ тұрақты даму мен деректерді цифрландыру бағытындағы бастамаларды ілгерілетуге мүмкіндік береді.
БҰҰ Статистикалық комиссиясы – жаһандық статистикалық жүйенің негізгі үкіметаралық органы. Ол халықаралық статистикалық стандарттар мен әдіснамалар әзірлеу жұмыстарын үйлестірумен айналысады.
Қазіргі таңда комиссия құрамына төрт жыл мерзімге сайланатын 34 мемлекет кіріп отыр.