Бюро басшысы «Qaz.AI» қауымдастығының өкілдерімен кездесті

Бюро басшысы «Qaz.AI» қауымдастығының өкілдерімен кездесті

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі «Qaz.AI» қауымдастығының өкілдерімен кездесу өткізді. 

Басқосу барысында ол статистика саласында жасанды интеллектіні қолданудың негізгі бағыттарын атап өтті. Қазіргі таңда Бюро инфляцияны есептеу кезінде фискалдық чектердің деректерін өңдеуде, бизнес-тізілімде қызмет түрлері бойынша кәсіпорындарды іздеуде, сондай-ақ виртуалды көмекші форматында кері байланысты автоматтандыруда жасанды интеллектіні пайдаланады. 

Сондай-ақ, Бюро басшысы цифрлық деректер өнімдерінің алмасуы мен айналымы нарығын дамыту бағытындағы қызмет туралы айтып өтті. 

 «Біз цифрлық деректер өнімдерінің алмасуы мен айналымы жүргізілетін платформалар қызметінің негізгі аспектілерін реттейтін қағидаларды әзірледік. Платформа нарық қатысушылары арасында цифрлық деректер өнімдерін орналастыруды, таратуды және іске асыруды қамтамасыз ететін цифрлық инфрақұрылым болуы тиіс. Ол құрылымдалған немесе өзге түрде түрлендірілген, цифрлық ортада пайдалануға, алмасу үшін және айналымға жарамды цифрлық деректерді қамтиды», – деді Мақсат Тұрлыбаев. 

Қауымдастық өкілдері деректер алмасу тетігіне қызығушылық танытып, оны дамытуға қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. 

Сонымен қатар, деректердің қалыптасу көздерінің ашықтығын қамтамасыз ету, ақпараттық қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ инвестициялар тарту және бизнес-жобаларды дамыту үшін деректер әлеуетін арттырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.