
2025 жылы Қазақстанда 115,9 мың неке тіркелген. Жалпы некелесу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 5,69 құрады. Некелесу көрсеткіші Астана қаласында – 1000 адамға 6,75, сондай-ақ Қарағанды (6,32) және Шығыс Қазақстан (6,27) облыстарында жиірек тіркелген. Ең төмен көрсеткіш Қызылорда облысында – 5,06.
Қалалық жерде 78,9 мың неке тіркелсе (68,1%), ауылдық жерде – 37 мың (31,9%).
Алғаш рет некеге тұрғандардың орташа жасы ерлер арасында 27,9 жас, әйелдер арасында – 25,3 жас.
Ерлер арасында алғаш рет некеге тұрғандардың үлесі 77%, әйелдер арасында 78% болды. Ажырасқаннан кейін некеге қайта тұрғандардың үлесі ерлерде – 22%, әйелдерде – 21%.
2025 жылы некенің басым бөлігі жаз айларында тіркелген: маусым – 11 848, шілде – 12 955, тамыз – 12 418.
Былтыр отау құрғандардың 80,4%-да моноэтностық неке болса, 19,6% – ұлтаралық неке.
2025 жылы 45,7 мың ажырасу тіркелді. Олардың 34 мыңы (74,4%) қалалық жерде тіркелсе, ауылдық жерде – 11,7 мың (25,6%).
Жалпы жылдық ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 2,24 болды. Ең жоғары коэффициент Павлодар облысында – 3,43, сондай-ақ Қарағанды (3,41) және Солтүстік Қазақстан (3,28) облыстарында тіркелді. Ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында – 1,03.
Некеде тұру ұзақтығына қарай ажырасулардың ең үлкен үлесі (35%) 1-4 жыл отау құрағандарға тиесілі. 5-9 жыл бірге тұрғандар арасындағы ажырасу – 24%, ал үйленгеннен кейін бір жыл ішінде ажырасқандар үлесі 8%.