Қазақстан Нью-Йоркте Индонезия Статистика Бюросымен меморандумға қол қойды

Қазақстан Нью-Йоркте Индонезия Статистика Бюросымен меморандумға қол қойды

Нью-Йорктегі БҰҰ Статистикалық комиссиясының 57-ші сессиясы аясында ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы Индонезия Статистика Бюросымен өзара түсіністік туралы меморандумына қол қойды. 

Құжатқа Индонезияның Орталық статистикалық бюросының басшысы Амалия Адининггар Видьясанти және Қазақстан Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев қол қойды. Тараптар ресми статистика саласында жаңа дереккөздерді және заманауи технологияларды қолдану бойынша ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге келді. 

Келісім аясында тараптар Орталық Азия елдері үшін статистикада мобильді позициялау деректерін қолдану бойынша бірлескен оқыту өткізуді жоспарлап отыр. 

Сонымен қатар, меморандумға қол қою кезінде екі тарап жасанды интеллектіні қолдану, баға статистикасында веб-скрапингті пайдалану және ГИС жүйелері арқылы ауыл шаруашылығы деректерін визуализациялау тәжірибесін алмасу мәселелерін талқылады. 

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы қарашада «Ұлттық статистика жүйелерінің цифрлық трансформациясы» халықаралық форумы аясында Ұлттық статистика бюросы мен Индонезия Орталық статистика агенттігі статистика саласындағы ынтымақтастыққа ниет хатына қол қойған болатын, осы құжат аталған меморандумның негізіне айналды. 

БҰҰ Статистикалық комиссиясының 57-ші сессиясы 2026 жылғы 3–6 наурызда Нью-Йоркте өтті және жаһандық статистикалық жүйенің әдістемесі мен стандарттарын талқылау үшін негізгі халықаралық алаңға айналды.