Бюро пайдаланушылармен цифрлық сервистерді дамыту мәселелерін талқылады

Бюро пайдаланушылармен цифрлық сервистерді дамыту мәселелерін талқылады

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы ресми статистикалық ақпарат пайдаланушыларымен кезекті онлайн-сессия өткізді. Талқылауға орталық және жергілікті атқарушы органдардың, жоғары оқу орындарының, зерттеу қауымдастығының және салалық сарапшылардың өкілдері қатысты.

Кездесу бюроның кәсіби қауымдастықпен ашық диалогты дамытуға бағытталған жүйелі жұмысының аясында өтті. Сессияның негізгі тақырыбы цифрлық сервистерді кеңейту және ресми статистикаға қолжетімділікті жетілдіру болды.

Сессия барысында Деректер сапасын бақылау және коммуникацияларды дамыту департаменті директорының орынбасары Никита Бурмистров Бюро елдегі ресми статистикалық ақпараттың негізгі дереккөзі екенін атап өтті. Барлық дерек бекітілген статистикалық әдістемеге және халықаралық стандарттарға сәйкес қалыптастырылады.

Сессия қатысушыларына Бюроның ресми интернет-ресурсының құрылымы мен кеңейтілген функционалдық мүмкіндіктері таныстырылды.

Сондай-ақ деректерді жеке тұлғаларды анықтауға болмайтын түрде ұсыну мәселелері сөз болды. 2025 жылдан бастап Қазақстан мен шетелдік зерттеушілер ресми сайтта орналасқан «Зерттеушінің виртуалды кабинеті» сервисі арқылы статистикалық базалармен қашықтықтан жұмыс істей алады.

Деректерді ведомствоға бармай-ақ, сұратуға болады. Сонымен бірге барлық деректер халықаралық құпиялылық және ақпараттық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес жеке тұлғаларды анықтауға болмайтындай түрде өңделеді.

Қатысушыларға Бюроның Біріңғай байланыс орталығының жұмысы туралы да ақпарат берілді. Жұмысын бастаған сәттен бастап орталық деректерді іздеу, статистикалық нысандарды толтыру және есеп тапсыру бойынша консультациялық қолдау көрсетеді. 1446 байланыс орталығы  дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 09:00-18:30 аралығында қызмет етеді, сонымен қатар Telegram-дағы statgovkz_bot және ресми сайттағы онлайн-консультант арқылы да кеңес алуға болады.

Айта кетейік, пайдаланушылармен онлайн-кездесулер тоқсан сайын өткізіліп тұрады және бұл Бюроның кәсіби қауымдастықпен ашық диалогты дамыту саясатының бір бөлігі болып табылады.