
Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиевке Бюроның биылғы даму перспективалары мен күтілетін жұмыс нәтижелері туралы баяндап берді.
Кездесу барысында Бюро басшысы статистиканы цифрлық трансформациялауға, әкімшілік және баламалы дереккөздерді қолдану аясын кеңейтуге, жасанды интеллект құралдарын енгізуге және халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған негізгі даму бағыттарын таныстырып өтті.
Қазіргі таңда көрсеткіштерді есептеудің жаңа құралдары мен әдістері қатарында туризм мен көші-қон статистикасында мобильді операторлар деректерін пайдалану бағыты белсенді түрде дамып келеді. Сонымен қатар тоқсандық жалпы ішкі өнімді дискретті әдіспен есептеу енгізілуде, халықтың ақшалай табысын бағалау әдістемесі жаңартылуда және ұлттық шоттар жүйесінің 2025 жылғы халықаралық стандартына көшу бойынша жұмыстар басталды. Бұл шаралар ресми статистиканың терең талдау жасаудағы мүмкіндігін арттырады.
«Еліміздің цифрландыру және жасанды интеллект құралдарын дамыту бағытын ескере отырып, Бюро деректерді іздеу мен талдауға, ақпаратты автоматты түрде жіктеуге және пайдаланушылармен интеллектуалды көмекші форматында байланыс орнатуға арналған жасанды интеллект ассистенттерін әзірлеуге кірісті. Сонымен қатар кәсіпорындарда жасанды интеллектіні пайдалану бойынша жалпыұлттық статистикалық зерттеу енгізілмек. Бұл экономиканың салалары бойынша технологияларды қолдану деңгейін бақылауға және цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуды басқаруда жүйелі әрі өлшенетін тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп баяндады басшы.
Кездесу барысында мінез-құлық экономикасы мен үлкен деректерді талдау орталығының базасында экономикалық белсенділікті нақты уақыт режимінде бақылауға арналған трекерлер жүйесін қалыптастыру туралы да айтылды. Респонденттер арасында сауалнама жүргізуге арналған мобильді қосымшаны енгізу – деректерді жинаудың жеделдігін арттырып, көрсеткіштердің өзара салыстырмалылығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың деректерін біріктіру арқылы статистикалық тіркелімдер жүйесін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
2026 жылы Бюро Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының статистика және статистикалық саясат жөніндегі салалық комитетіне қосылу жұмыстарын аяқтауды, сондай-ақ статистикалық тиімділік (SPI) және деректердің ашықтығы (ODIN) бойынша халықаралық рейтингтердегі ел позициясын жақсартуды жоспарлап отыр.
Агенттік төрағасы ұсынылған басымдықтарды оң бағалап, оларды жүйелі түрде іске асыру заманауи әрі технологиялық ұлттық статистикалық жүйені қалыптастыру үшін маңызды екенін атап өтті.