Ұлттық статистика бюросында Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың Дүниежүзілік банк өкілдерімен белсенді ұзақ өмір сүру саясаты мен халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы мәселелеріне арналған жұмыс кездесуі өтті.
Дүниежүзілік банк делегациясы құрамында жетекші экономист Михаил Локшин мен әлеуметтік қорғау саласы бойынша аға маман Иван Шульга болды. Кездесу барысында демографиялық өтпел кезеңнің негізгі сын-қатерлері, оның әлеуметтік-экономикалық салдары, сондай-ақ халықтың қартаюы жағдайында тиімді мемлекеттік саясат қалыптастыру жолдары талқыланды.
Сарапшылар елдердің демографиялық өзгерістерге дайындық деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін Қартаю саясаты индексі (Aging Policy Index) бойынша жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін таныстырды. Аталған индекс демографиялық үрдістердің еңбек нарығына, әлеуметтік қорғау жүйесіне және жалпы экономикалық дамуға әсерін көрсетеді.
Сонымен қатар мемлекеттік жоспарлау жүйесінде демографиялық факторларды ескеру, Қазақстан халқы санына қатысты болжамдар әзірлеу және демографиялық өзгерістермен байланысты тәуекелдерді төмендету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықты жалғастыру бойынша жұмыстарды да талқылады.
Сапар аясында қонақтар Бюроның қызметімен және деректермен жұмыс істеудегі заманауи тәсілдермен де танысты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар пікір алмасып, одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендіктерін растады.
Айта кетейік, келесі аптада Ұлттық статистика бюросында Дүниежүзілік банк сарапшыларының кезекті сапары күтілуде. Сапар аясында кедейлік, әлеуметтік әділеттілік және гендерлік теңдік мәселелері бойынша жұмыс кездесулерін өткізу жоспарланып отыр.