
Бюро ғылым мен зерттеулерді қолдауды кеңейтеді. 2025 жылдан бастап қазақстандық және шетелдік зерттеушілер ресми интернет-ресурсымыздағы http://stat.gov.kz «Зерттеушінің виртуалды кабинеті» сандық қызметі арқылы сәйкестендірілмеген түрінде дерекқорға қол жеткізе алады.
Бұл қызмет деректермен қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік береді, яғни Бюроға келудің қажеті жоқ. Сол арқылы сәйкестендірілмеген дерекқорға қолжетімділік жылдам әрі ыңғайлы болады.
Барлық деректер жеке тұлғаларды немесе заңды субъектілерді анықтау мүмкіндігінсіз ұсынылады және халықаралық құпиялылық пен ақпараттық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді.
Виртуалды кабинеттің іске қосылуы Қазақстандағы ғылыми ортаны дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашады және халықаралық зерттеу қауымдастығымен ынтымақтастықты нығайтады.
«Бюро ғылыми қауымдастыққа статистикалық деректерге қол жеткізуді едәуір жеңілдетті. Бұрын зерттеушілерге дерекқормен жұмыс істеу үшін Бюро кабинеттеріне жеке бару қажет болса, қазір қол жеткізу онлайн жүзеге асады. Бұл уақытты үнемдеуге, аймақтық шектеулерді жоюға және ресми статистикамен жұмыс істеуді ыңғайлы әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Барлық деректер халықаралық құпиялылық пен қауіпсіздік стандарттарына сәйкес өңделеді», – деді ҚР Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Сонымен қатар, зерттеушілер дерекқормен арнайы жабдықталған кабинеттерде де жұмыс істей алады:
• Астана қаласы, Желтоксан көшесі, 22, 303 кабинет
• Алматы қаласы, Абай даңғылы, 125, 201 кабинет
Дерекқорды алу үшін өтініш Бюроның интернет-ресурсындағы «Жеке кабинет» / «Пайдаланушы кабинеті» арқылы беріледі және қажетті құжаттармен бірге электрондық цифрлық қолтаңба арқылы расталады. Өтініш мақұлданған соң зерттеуші зерттеу жүргізу үшін дербестендірілмеген деректерге қол жеткізеді.