ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанның статистиканы жетілдіру бағытындағы ілгерілеуін жоғары бағалады

ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанның статистиканы жетілдіру бағытындағы ілгерілеуін жоғары бағалады

Қазақстан Республикасының ұлттық статистикалық жүйесін нығайтуға арналған үш жылдық жоба аясында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) сарапшылары ресми статистиканың сапасын, ашықтығын және халықаралық салыстырмалылығын арттыруға бағытталған шолудың қорытынды кезеңін өткізді. Жұмыс қорытындысы бойынша сарапшылар Қазақстанның жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көрсеткіштерін есептеу тәсілдерін жоғары бағалап, әлемде ай сайын ЖІӨ есептейтін елдер саны аз екенін атап өтті. Олар бұл тәжірибені зерделеуге қызығушылық танытты. 

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп іске асырылған жоба аясында үш күндік миссия ұйымдастырылды. Оның барысында халықаралық сарапшылар тобы деректерді жинау мен өңдеу әдістемесінен бастап, ұлттық шоттар, қаржылық статистика және халықтың әл-ауқаты көрсеткіштеріне дейінгі негізгі бағыттарды талдады. ЭЫДҰ өкілдері Бюроның қызметін жан-жақты зерттеп, қол жеткізілген нәтижелерге баға берді және елдің статистикалық жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша келесі қадамдарды талқылады. Миссияның нәтижелері ұлттық статистикалық тәжірибеге озық әдістемелер мен халықаралық стандарттарды енгізудің негізі болмақ. 

Тереңдетілген шолу бастамасы 2023 жылы Бюро бастаған жүйелі реформалардың жалғасы болып табылады. Сол жылы ЭЫДҰ және өзге халықаралық серіктестермен бірлесіп ұлттық статистикалық жүйеге жаһандық бағалау жүргізілген болатын. Оның нәтижесінде Қазақстан сарапшылар тарапынан оң пікір алып, қол жеткізген жетістіктері мен жүзеге асырып жатқан реформалары үшін жоғары бағаға ие болды. 

«Қазақстан ЭЫДҰ-мен ынтымақтастыққа үлкен мән береді және жоғары стандарттарға сәйкес келу біз үшін басымдық болып табылады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылғы 22 шілдеде Қазақстан ресми түрде ЭЫДҰ Кеңесінің Тиісті статистикалық практика жөніндегі ұсынымына қосылып, ТМД кеңістігіндегі бұл халықаралық стандартты орындаған алғашқы ел атанды», – деді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев. 

Алдын ала берілген қорытындылар бойынша, Ұлттық статистика бюросы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп, тұрақты жетілдіруге ұмтылысын көрсетті. Сарапшылар деректердің баламалы көздерін енгізуді, ақпарат сапасына баса назар аударуды, респонденттердің есеп беру жүктемесін азайту арқылы деректер жинау үдерісін оңтайландыруды және әкімшілік деректерді қолдану әлеуетін дамыту арқылы қайталануды болдырмау жұмысын жоғары бағалады. 

Сонымен қатар, сарапшылар Қазақстанның статистика саласындағы көшбасшы елдердің қатарындағы орнын нығайту үшін «цифрлық әл-ауқат» жөніндегі зерттеу жүргізу сияқты жаңа бағыттарды қарастыруды ұсынды. 

Халықаралық миссияға ЭЫДҰ Статистика және деректер директорат кеңсесінің директоры Жюльен Дюпон жетекшілік етті. Сарапшылар тобының құрамына ЭЫДҰ Ғаламдық қатынастар кеңсесінің директоры Нора Бохоссян, Сауда және өнімділік статистикасы бөлімінің өкілі Дэвид Брэкфилд, ЭЫДҰ Әл-ауқат, интеграция және тең мүмкіндіктер орталығының сарапшысы Зига Зарнич, сондай-ақ Ұлттық шоттар бөлімінің өкілі Джоррит Цвейненбург кірді. 

Анықтама үшін: 2025 жылғы шілдеде ЭЫДҰ Қазақстанның Тиісті статистикалық практика жөніндегі ЭЫДҰ Кеңесінің ұсыным талаптарына толық сәйкес келетінін ресми түрде растады. Бұл маңызды халықаралық мойындау болды – Қазақстан осы стандартқа қосылған 44-ші қатысушы ел және ЭЫДҰ аймағынан тыс алғашқы серіктес мемлекет атанды.