
Женевада Экологиялық статистика және көрсеткіштер жөніндегі бірлескен мақсатты топтың сессиясы өтті. Жиынға БҰҰ ЕЭК, Еуростат, ЭЫДҰ, ЮНЕП, БҰҰ статистика бөлімі, ЮНИТАР ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Еуропа және Азия елдерінің делегаттары қатысты.
Күн тәртібінде экологиялық есептілік, статистика деректерін алмасу, экологиялық ақпараттың халықаралық стандарттарын қолдану, Экология-экономикалық есеп жүргізу жүйесін дамыту және орнықты даму бастамаларында экологиялық көрсеткіштерді пайдалану мәселелері қаралды.
Сессияның маңызды тармақтарының бірі – Бірлескен мақсатты топтың басшылық құрамын сайлау болды. Дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстан атынан Ұлттық статистика бюросының Өндіріс және қоршаған орта статистикасы департаментінің директоры Аида Исабекова төраға орынбасары болып сайланды. Өкілеттік мерзімі – екі жыл, әрі қарай қайта сайлану мүмкіндігі бар.
Қазақстандық тарап ағымдағы жылға арналған БҰҰ ЕЭК Салалық шолуындағы ұсынымдардың іске асырылуы жөнінде материалдар ұсынды. Панельдік сессия барысында Аида Исабекова елдегі биоалуантүрлілік мәселелері және экологиялық статистиканы дамыту бойынша баяндама жасап, экологиялық деректерді жетілдіру мен қоршаған орта жағдайын бағалау әдістерін дамытуға ерекше назар аударды.