ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы мен «KazAID» Қазақстанның халықаралық даму агенттігі дамуға ресми көмек көрсету бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев пен «KazAID» Басқарма төрағасы Аркен Арыстанов қол қойды.
Меморандум аясында тараптар ЭЫДҰ, БҰҰ және Дүниежүзілік банк жіктеуішіне сәйкес дамуы ең аз деген ел өкілдерінің қатысуымен халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу бағытында ынтымақтасады.
Ынтымақтастық шеңберінде экономика, статистика, деректерді басқару және ресми даму көмегінің мақсаттарын іске асыруға қатысты өзге де бағыттар бойынша конференциялар, семинарлар, форумдар, байқаулар, сондай-ақ оқу және ғылыми іс-шаралар өткізу қарастырылған.
Бұдан бөлек, тараптар ресми даму көмегі мен статистика салаларында бірлескен халықаралық бастамаларды әзірлеу және іске асыру, ашық деректермен алмасу, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты және тәжірибе алмасуды нығайтуға бағытталған салалық конференциялар, семинарлар, форумдар мен дөңгелек үстелдерді ұйымдастыру мәселелерінде өзара әрекеттесуді дамытуға ниетті.
Айта кетейік, «KazAID» – Қазақстан Республикасының ресми даму көмегі саласындағы ұлттық операторы. Агенттік Қазақстанның түрлі салалардағы жетістіктерін ілгерілетуге, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, тәжірибе алмасуға және әртүрлі елдердің мамандары арасында кәсіби байланыстар орнатуға ықпал етеді.