Ұлттық статистика бюросы мен Halyk Bank ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Ұлттық статистика бюросы мен Halyk Bank ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

«Ұлттық статистикалық жүйелердің цифрлық трансформациясы» форумы аясында ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы мен «Halyk Bank» АҚ статистика саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оған Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев пен «Қазақстан Халық банкі» АҚ төрағасының орынбасары Нариман Мұкышев қатысты.

Құжат елдің статистикалық базасын дамыту бағытында тараптардың бірлескен жұмысына жаңа мүмкіндіктер ашады. Ынтымақтастық шеңберінде әдіснамалар мен озық тәжірибелермен алмасу, цифрлық технологиялар мен үлкен деректерді пайдалану, сондай-ақ әлеуметтік, демографиялық және экономикалық статистика бойынша жинақтар мен жылнамалар сияқты бірлескен басылымдарды әзірлеу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, меморандум қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында семинарлар, конференциялар және таныстыру сапарларын ұйымдастыруды, жаңа заңнамалық және нормативтік бастамалар туралы ақпаратпен алмасуды, сондай-ақ өзге де бірлескен жобаларды іске асыруды көздейді.

«Бұл меморандум мемлекет пен бизнес үшін статистикалық деректердің сапасын арттыруға бағытталған заманауи цифрлық құралдарды енгізу және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін ашады», – деді Мақсат Тұрлыбаев.

«Halyk банк пен ҰСБ арасындағы коллаборацияның арқасында жаңа мүмкіндіктер ашылуда: біз аналитиканы сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтеріп, бүкіл елдің дамуына әсер ететін шешімдер қабылдау мүмкіндігіне ие боламыз», - деді «Қазақстан Халық банкі» АҚ төрағасының орынбасары Нариман Мұкышев.

Тараптар ынтымақтастық өзара тиімділік пен тәжірибе алмасу қағидаттарына негізделетінін атап өтті. Бұл келісім Қазақстандағы статистикалық қызметтің жаңа даму перспективасын қалыптастырып, елдің цифрлық экономикасын ілгерілетуге ықпал етпек.