
Бейжіңде Қытай-Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) аясында жасыл өнеркәсіп саласындағы тәжірибе алмасу және ынтымақтастық жөніндегі халықаралық семинар өтті. Іс-шараға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен бақылаушы елдерді қоса алғанда, 11 елдің өкілдері қатысты, олардың қатарында Қазақстан да бар.
Семинар барысында жасыл трансформацияны басқару мен орнықты дамуды қолдаудағы статистиканың рөліне ерекше назар аударылды. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы семинардың негізгі сессияларының біріне қатысып, елдің статистикалық жүйесіне жасыл экономика қағидаттарын интеграциялау жөніндегі ұлттық тәсілдерді таныстырды.
Бюроның өнеркәсіп статистикасы департаментінің директоры Аида Исабекова өз сөзінде сенімді әрі салыстырмалы статистиканың қоршаған ортаны қорғау, ресурстарды үнемдеу және климат саясаты салаларында тиімді шешімдер қабылдаудың негізі екенін атап өтті.
Спикер жасыл экономика көрсеткіштерін енгізу, айналмалы экономиканы бағалауды қоса алғанда, статистиканың жаңа бағыттарын дамыту және әдіснамалық үйлесімділік пен деректердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бойынша жүйелі жұмыстың маңыздылығын ерекше атап айтты.
Семинар бағдарламасы орнықты дамудың ұлттық саясаты, көпжақты өзара іс-қимыл тетіктері, сондай-ақ жасыл және ресурстарды үнемдейтін өндірістерді дамыту сияқты стратегиялық тақырыптардың кең ауқымын қамтыды.
Іс-шара қатысушылары Қытай-ШЫҰ жасыл өнеркәсіпті дамыту ынтымақтастық аймағының қызметімен танысып, Тяньцзинь қаласындағы қалдықтарды басқару, энергия тиімділігі және экологиялық инновациялар салаларындағы заманауи тәжірибелерді көрсететін озық өндірістік нысандарды аралады.
Семинар Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің ШЫҰ Мемлекет басшылары кеңесінің отырысында жариялаған бастамасы бойынша ұйымдастырылып, орнықты дамуды қолдау және жаһандық жасыл өнеркәсіпті ілгерілетуге бағытталған халықаралық платформа құруды көздейді.
Семинардың ұйымдастырушылары – ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитетінің халықаралық ынтымақтастық орталығы және Ресурстарды үнемдеу мен қоршаған ортаны қорғау басқармасы.